Жетістіктерге жетелейді

Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады. «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық бағыттарды қамтыған бірнеше өзекті мәселелерді шешу қажеттігін баса айтқан болатын.
Қасым-ЖомартКемелұлы нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалуға болмайтынына назар аударып, осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет екенін айтты.
Яғни еліміз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуі керек, ал әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналуы тиіс.
Ұлттық экономиканың өсімін қамтамасыз ететін сенімді табыс көзінің бірі кен өндіру өнеркәсібі болып табылады. Бұл сала елімізде жақсы дамығаны баршаға аян. Көптеген металдың әлемдік нарықтағы бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Осы орайда Жолдауда көтерілген ірі өндіріс орындарына қатысты мәселелер біздің кенді қаламыз Сәтбаевтың жұртшылығы үшін де аса маңызды. Бүгінгі таңда өндіріс орнына жақын орналасқан қалаларда экология нашарлап, тұрғындардың денсаулығына зиян келуде. Жұмысшылардың
өндірісте мертігу және қазаға ұшырау жағдайы да көп тіркелуде. Сондықтан Үкімет кәсіпорындардың технологиялық және экологиялық ахуалын, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін батыл шаралар қабылдауы қажет еді. Осыған байланысты Президенттің «ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек» деген тапсырмасы көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл талап инфрақұрылым саласындағы кәсіпорындарға да қойылуға тиіс екені айтылды.
Мемлекет басшысы Жолдауда қарастырған тағы бір басым бағыт – елімізді инновациялық жолмен дамыту. Осы мақсатта бизнес-инкубатор, коммерцияландыру орталығы, технопарк,
құрастыру бюросы сияқты инновациялық инфрақұрылымдар құруға қатысты жеке бастамаларға сөз жүзінде емес, нақты іспен қолдау көрсететін пәрменді шаралар керектігін атап өтті.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек. Алдымызға қойған биік мақсатқа жету оңай болмайды. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы» десе, қазақта «Тәрбие – тал бесіктен» деген нақыл бар. Сол себептен отбасылық құндылықтар мен ғылымды, білім саласындағы заманауи техникалық базаны жасанды интеллектпен ұштастырсақ ұрпағымыздың болашағы жарқын болары сөзсіз.

Марал ШАХАЕВА.