Жертөле жаңа келбетке ие болды

Жәйремде кент ауруханасын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Осы жолы медициналық мекеменің шаруашылық бөлімі ауқымды жаңартудан өтті. Күрделі жөндеу қызметкерлердің жұмыс істеу және демалуына ыңғайлы жағдай жасау, сондай-ақ, барлық санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілді.

Жәйрем ауруханасының ұзақ жылдар бойы қойма ретінде пайдаланылып келген жертөле қабатының бүгінгі келбеті мүлде басқаша. Күрделі жөндеуден кейін ол медицина қызметкерлерінің жұмысына да, кездесулер өткізуге де ыңғайлы, қауіпсіз әрі әрбір ұсақ-түйегіне дейін ойластырылған заманауи көп міндетті жайлы кеңістікке айналды. Құрылыс жұмыстарын қаржыландыруды Ұлытау облысының әкімдігі мен өңірлік Денсаулық сақтау басқармасы қамтамасыз етті, ал әлеуметтік қолдау аясында заманауи жиһаз бен қажетті жабдықтарды «Казцинк» компаниясы ұсынды. Аурухана директоры Дәурен Смағұловтың айтуынша, көрсетілген қолдаудың арқасында жертөле бөлмесінің мақсат-міндеті түбегейлі өзгерді. Мұнда жұмыс аймақтары, сақтау бөлмелері, сондай-ақ, ұжымдық іс-шаралар өткізуге және қызметкерлердің демалуына арналған кеңістік пайда болды.

Бүгінде жаңартылған жертөле қабатында компания қаражаты есебінен құжаттар мен құрал-жабдықтарға арналған металл шкафтар, шаруашылық материалдарына арналған сөрелер, жұмыс орындары мен акт залына арналған заманауи үстелдер мен орындықтар, қысқа мерзімді демалысқа арналған дивандар мен орындықтар, медициналық бұрыш пен асхана аймағына арналған жиһаз орнатылды. Сонымен қатар, ас үй жабдықталып, акт залында дыбыстық құралдар қойылды.

«Казцинк» компаниясының қолдауы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына адалдығын және өңірдің инфрақұрылымын дамытуға деген қамқорлығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бұған қоса, аурухана басшылығы атап өткендей, жүзеге асқан өзгерістер – үлкен жолдың бастауы ғана. Қазіргі таңда жұмыс тек материалдық-техникалық базаны жақсартумен шектелмей, білікті кадрлармен қамтамасыз ету бағытында да жүргізілуде.

– «Казцинк» бізді барлық жағынан қолдап келеді, – деп алғысын білдірді Дәурен Смағұлов. – Компания жаңадан келген дәрігерлерге көтерме ақы төлеуге қаражат бөледі. Ал биыл кәсіподақпен бірлескен шешімнің нәтижесінде Жәйрем кенті тұрғындары үшін жеңілдетілген шарттармен салынған жаңа үйден дәрігерлерге пәтерлердің бір бөлігі берілді.

Бұрын қойма ретінде пайдаланылған жоғарғы қабаттағы кабинеттер бүгінгі күні науқастарды қабылдауға арналған заманауи кабинеттерге қайта жабдықталды.

Жертөле бөлмесінде қазір мұрағат, душ бөлмелері, су жабдықтары аймағы, қазандық, шаруашылық қоймалары, қызметкерлерге арналған киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық қалдықтар үшін бөлмелер және басқа да қажетті аймақтар орналасқан. Сонымен қатар, ауруханада бұрын болмаған акт залы пайда болды.

Ұзақ жылдар бойы жаңартуды күткен аурухана келбетінің өзгере бастағанына қызметкерлер де, науқастар да куә болуда. «Елге қылған жақсылық еленбей қалмайды, еңбек еткен ерінбей – кенелмей қалмайды» демекші, қоғамды көркейтетін осындай жақсы істердің жаршысы бола білейік.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.