Желтоқсан жаңғырығы

Ұлт тағдырына өшпес із қалдырған Желтоқсан оқиғасын ойға алғанда дір етпейтін жүрек жоқ. Желтоқсан – күллі кеңестік кеңістіктегі айтулы өзгерістердің бастауы. Желтоқсан – қалғып бара жатқан қазақтың қайта оянған ұлттық рухы.

Сонымен бірге, бұл – өршіл намыс пен мұқалмас жігердің Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира сынды жүздеген, мыңдаған жастар бейнесінде лапылдап жанған алауы. Жаңғырығы жадымызда жаңғырып тұратын осы бір қаралы тарихтың куәсі болған бір топ жан, қазақтың қайсар қыздары біздің Жәйремде де тұрады. Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов сол желтоқсанның аязын бойларынан өткізген, халқы үшін қанын қиып, елі үшін кеудесін отқа тосқан қаһарман жандармен жолығып, кездесу өткізді. Кездесуге батыр қыздарымыз «Балдырған» бала бақшасының тәрбиешісі Гүлмира Әлиева, № 30 ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рахима Серікова, «ТехэкспертСервис» ЖШС жұмыскері Айгүл Тұрсынбекова шақырылды. Кент әкімі Қайрат Жансағымов келген қонақтарды атаулы күнмен құттықтап, ел тарихындағы ең бағалы күнге жетуге өз үлестерін қосқан батыр қыздарға алғысын жеткізді.
Кездесу шырайы арнайы тақырыпта ән, өлеңнен шашу шашқан өнерпаздардың өнерімен толыға түсті.
Еліміздің сан мың жылдар бойы армандаған, сол жылда ғасырлар бойы найзаның ұшымен, ерлеріміздің ерен ісімен, кешегі дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасымен келген тарихымыздың алтын әріптерімен жазылып қалатын Желтоқсан оқиғасы туралы құнды естеліктер айтылып, қонақтар өз кезегінде өздерін құрметтеуші жандарға алғыстарын жеткізіп, еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тілеп, баталарын берді.
Бір тәубе етеріміз, солардың қажырлы қайраты мен жастық тегеуріні нәтижесінде тоталитарлық құрсаудың тоңы жібіп, Тәуелсіздік таңы атып, біз бүгінгі бейбіт күнде өмір сүрудеміз.
Сондықтан да, Тәуелсіздігіміздің мәні өзгеше, бағасы теңдессіз. Ендеше Тәуелсіздігіміздің тұғыры әрқашан биік болсын!
Желтоқсан құрбандарын еске ала отырып, халық бостандығы мен елдігі үшін күрескен, сол үшін құрбан болғандар ерлігіне құрметпен қарауымыз керек. Елімізде тек бейбітшілік болсын!
Кездесу соңында жиналғандар естелік суретке түсті.

Теректі ШАҒАТАЙ.