Көкпар – бағзы заманнан келе жатқан көшпенділер ойыны, қазақтың қанына сіңген өнер. Ежелден бұл ойынға батыл, төзімді, күшті әрі епті ер-азаматтар ғана қатысқан. Заман өзгерсе де, бұл спорт түріне әлі де жеңіске деген жігері мықты, ал тұлпары сенімді серігі әрі досы болатын жігіттер ғана келеді.
Темірлан Амангелдин 24 жаста, оның үш жылын Жәйрем кен байыту комбинатында қоймалау және қалыптау учаскесінде матаушы болып жұмыс істеп келеді. Ол тек жас маман ғана емес, сонымен қатар, отбасылық еңбек әулетінің жалғастырушысы (фабрикада әкесі, анасы және ағасы жұмыс істейді), әрі текті жануар жылқыларды жанындай жақсы көретін атбегі.
Жас жігіт көкпар додасына қатысады және көптеген көкпаршылар сияқты атты өзі өсіріп, баптап, ойынға қосады. Өйткені, аты мен иесінің екеуара үйлесімі болмаса, еңбек ақталмайды.
– Жылқы малын кішкентайымнан жақсы көремін. Ат дүбірін естісем болды, делебем қозатын, бәлкім, бұл қасиет маған көкпар тартқан аталарымнан дарыған болар. Аттың суретін салып, ермексаздан мүсінін жасап, қиялға берілетінмін. Мүмкіндігінше күтіп-баптауға көмектестім, – деп есіне алады Темірлан.
Өміріндегі бақытты сәттерінің бірі – әкесінің атты ерттеп, оны алғаш рет ат үстіне отырғызған күн. Ер жеткен соң, бала арманын орындап, Майбас пен Қарагер атты екі сұлу тұлпардың иесі атанды: біреуі төрт жаста, екіншісі жеті жаста. Ол тұлпарларын тек бағып-қағып қана қоймай, жарыстарға да дайындайды. Темірлан ауысымда немесе сапарда болған кезде, оның сүйікті жануарларына әкесі мен ағасы қарайды – олар да аттарды жақсы көреді.
Жәйрем кентінде ұлттық спорт түрлерімен әртүрлі жастағы адамдар айналысады. Әсіресе, Наурыз мерекесі дүбірлі ойындар ойналып, ерекше қызықты өтеді. Көкпар, қазақша күрес, арқан тарту, аударыспақ, тоғызқұмалақ – бұл жерде әркім өз күшін сынап көре алады.
– Бүгінде көкпар ойынына балалардың да қызығатыны қуантады, сондықтан, оларға білгенімді үйретіп жүрмін. Өзім де мүмкіндігінше көкпар додаларына қатысуға тырысамын. Мен үшін жылқыларды күтіп-баптаудан және ниеттес адамдармен араласудан, халықтың дәстүрлерін дамытудан артық демалыс жоқ, – деп бөлісті Темірлан.
Біздің кейіпкеріміздің далада жүрсе ізінен қалмайтын тағы бір жүйрік, алғыр серігі – қазақы тазы тұқымынан құмай иті және тағы да төрт аяқты екі досы бар.
Теректі ШАҒАТАЙ.
