Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігін атап өткен болатын.
Қазіргі таңда медициналық қызмет тек ірі қалалар мен облыс орталықтарында ғана емес, шалғай ауылдардағы халыққа да қолжетімді болуы қажет. Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі — сапалы медициналық көмектің қолжетімділігі. Әсіресе, дәрігерлік пункті жоқ, жүздеген шақырым алыста орналасқан елді мекендердегі тұрғындар үшін медициналық мекемеге бару кейде үлкен қиындық тудырады.
Осындай жағдайда мобильдік медициналық бригадалардың жұмысы ерекше маңызға ие. Бұл — қазіргі заманғы денсаулық сақтаудың тиімді әрі адамгершілікке негізделген бастамаларының бірі.
Мобильдік бригада — бұл арнайы дайындықтан өткен дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінен құралған көшпелі топ. Олар толық жабдықталған арнайы көлікпен ауыл-аймақтарды аралап, халыққа алғашқы медициналық, профилактикалық және кеңес беру қызметтерін көрсетеді. Бұл — уақыт талабына сай ұйымдастырылған, нағыз «дала клиникасы» іспеттес жүйе.
Мұндай бригадалар тек жоспарлы тексерулермен шектелмейді. Олар эпидемиялық ахуал шиеленіскен кезде, табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде де көмекке келеді. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде мобильдік бригадалар мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға ықпал етті. Олар үйлерді аралап, вирусқа тест алып, науқастарға алғашқы көмек көрсетті, оқшауланған тұрғындарға психологиялық қолдау берді.
Мұндай бригадалардың құрамына, әдетте, жалпы тәжірибелі дәрігер мен фельдшер немесе медбике кіреді. Қажет болған жағдайда педиатр, акушер-гинеколог, эпидемиолог, тіпті, психологтар да қосылады. Олар алғашқы медициналық көмектен бастап, қан қысымын, қандағы қант пен холестерин деңгейін өлшеу, вакцинация жүргізу, УДЗ, ЭКГ сияқты тексерістер жасау (тиісті құралдар болған жағдайда), қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға үйде қызмет көрсету, скринингтік тексерулер ұйымдастыру сияқты ауқымды жұмыстарды атқарады. Сонымен қатар, тұрғындар арасында аурудың алдын алу, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салты жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Қазақстанда мобильдік бригадалар жүйесі 2020 жылдан бастап кеңінен дами бастады. Әсіресе, пандемия кезінде олардың тиімділігі айқын көрінді. Қазіргі уақытта бұл бригадалар еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Шалғай ауылдарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, жергілікті халықтың сеніміне ие бола білді. Бұл — ауыл мен қала арасындағы медициналық теңсіздікті азайту жолындағы нақты қадам.
Мобильдік бригадалардың халық үшін берер пайдасы орасан. Ең алдымен, олар медициналық көмекті халыққа барынша жақындатып, ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл — күрделі асқынулардың алдын алып, емдеуді жеңілдетеді. Сонымен қатар, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл қызмет өмірлік маңызға ие. Скрининг, вакцинация, алдын алу шаралары сияқты маңызды жұмыстарды ұйымдастыру арқылы бригадалар денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға, халықтың медициналық мәдениетін көтеруге зор үлес қосып келеді.
Қорытындылай келе, мобильдік бригада — бұл жай ғана көшпелі дәрігерлер тобы емес. Бұл — халықтың денсаулығына деген қамқорлықты нақты іспен көрсететін тиімді жүйе. Әсіресе, шалғай ауылдардағы, медициналық қызметке жете алмай жүрген азаматтар үшін бұл бастама аса маңызды. Қазақстанда мұндай бригадалардың жұмысын одан әрі дамыту — мемлекет қана емес, тұтас қоғам үшін ортақ міндет. Өйткені, дені сау ұлт — кез келген мемлекеттің ең басты байлығы.
Дәурен СМАГУЛОВ,
«Жәйрем кентінің ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны директорының міндетін атқарушы