Қазақ тарихында 1986 жылдың желтоқсаны өшпес із қалдырғаны мәлім. Ұлт намысын қорғаған өр рухты жастар алаңға шығып, әділдік талап етті. Желтоқсан желі талай жастың өміріне сынақ әкеліп, тағдырын өзгертіп жіберді. Сол бір тағдырлы күндердің куәгері, Желтоқсан оқиғасының жазықсыз жапа шеккен қатысушыларының бірі – бүгінгі Жәйрем кентіндегі ұстаз, Рахия Искакова (Серікова).
«Шындық үшін шықтық…»
1986 жылы Рахия Жезқазған политехникалық институтының автотранспорт факультетінде инженер-механик мамандығы бойынша 2-курста оқып жүрген. Алматыдағы жастардың орталық биліктің шешіміне наразылық білдіріп алаңға шыққаны туралы хабар ел ішін шарпыған өрттей тез тарады. Бұл оқиға қансонар даланың жас жүректерін қозғамай қоймады.
— Алматыдағы алаңда жүздеген жастың әділдік талап етіп шыққаны бізге де жетті. Естіген бойда өзіміз де үн қосуымыз керек деп шештік. 18 желтоқсан күні таңертең студенттер болып жиналып, қазіргі Алаша хан даңғылы бойымен облыстық партия комитетінің ғимаратына қарай беттедік, — деп еске алады Рахия Бексұлтанқызы.
Оған Жезқазған педагогикалық инсти тутының жастары, түрлі училищелердің студенттері қосылады. Ұлтқа бостандық, қазаққа өз көсемі керек екенін ашық айтқан жастардың бұл бейбіт митингісінің мәні зор еді. Жаңа дәуірге қадам басқан елдің еңсесі оянған шақ болатын. Ұрандар айтылды, талаптар қойылды. Бірақ, көп ұзамай алаң маңына өрт сөндіру машиналары, милиция жасағы, жедел жәрдем көліктері ағылып келді. Алғашында ресми органдар жастарды тарауға үгіттесе, көп өтпей қоқан-лоққы мен күш көрсету басталды.
— Жастарды сабап, автобустарға күштеп тиеп әкете бастады. Қашып құтылғандарымыз да болды. Бірақ, ертеңінде бәрібір жазалау басталды, — дейді сол кезді көз алдына елестеткен Рахия.
Жазықсыз жазалау Алаңнан қуылған жастарды сол күніақ бақылауға алып, тізім жасай бастаған. Екі күннен соң жазалау шаралары үдеді. Көптеген студент оқудан, кейбіреулер жұмысынан қуылды. Комсомол қатарынан шығарылғандар қаншама.
Сол қара тізімнің ішінде Рахия Искакова мен факультет старостасы Нұржан Жамауова да болды. Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалы директоры мен факультет деканы бірлескен бұйрық шығарып, екеуін оқудан шығарып тастайды. Жастық шағында әділдік сұраған екі қазақ қызының тағдыры дәл осылай тар жолға түсті.
— Араға бір жыл салып қайта оқуға қабылдандым. Бірақ, Нұржан оралмады. Оқуды бітіргеніммен, әр күнім қорқынышпен өтетін. Өйткені, қудалау әлі тоқтамаған еді, — дейді Рахия Бексұлтанқызы.
Тәуелсіздік сыйлаған ақиқат
Көп жыл өткен соң, ел егемендігін алған шақта ғана Желтоқсан құрбандарына әділдік орнап, ақталу мүмкін болды. Рахия Искакова да тарихи шындықтың ақиқатын сол кезде ғана қолына алды.
Қиындықпен өткен жастық, жүректе қалған жара, әділдік үшін күрестің ауыр салмағы – бәрі оның өмір жолын ерекше шыңдаған.
Бүгінде Рахия Искакова — Жәйрем кентінің сыйлы тұрғыны. Қарағанды педагогикалық институтын бітіріп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанды. Тұрмыс құрып, ұрпақ тәрбиелеп отыр. № 30 мектепте сабақ беретін ұстаздың жүрегінде әлі күнге дейін Желтоқсанның ызғары, қудалаудың қара көлеңкесі сақталған.
— Желтоқсан айының 1-інен бастап 18-і аралығындағы әр күн сол бір дүрбелеңді есіме салады. Жазықсыз жапа шеккенімізді ұмыту мүмкін емес, — дейді ол бүгін.
Желтоқсан — ұлт рухының биік шыңы
Рахия Искакованың тағдыры — Желтоқсан құрбандарының мыңдаған тағдырының бір жарқын көрінісі. Олар әділетсіздікке қарсы шыққан, ұлт намысын қорғаған, ертеңгі тәуелсіз Қазақстанның рухани іргесін қалаған ұрпақ еді. Бүгінгі тәуелсіздігіміз — сол өр рухты қыз-жігіттердің жанкешті ерлігінің, қайсарлығының жемісі.
Желтоқсан жаңғырығы естелікте емес, ел жүрегінде сақталады. Ал Рахия Бексұлтанқызы секілді сол күннің нақты куәгерлері – тарихтың тірі дауысы.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
