Жауапкершілік күшейтіледі

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының орындалу барысы кеңінен талқыланды.

Кеңес барысында облыс әкімі көрсеткіштері төмен аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардың жұмысын сынға алып, нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл ретте тазалық мәселесі де күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың бірі болды.

Өңір тұрғындарының әлеуметтік желілердегі өтініш-шағымдарын ескере келе, облыс әкімі «Сәт Тазалық» ЖШС-нің жұмысына уақыт беріп, нақты нәтиже болмаса, балама компанияларды қарастыруды тапсырды. Бұл талаптар барлық қала мен аудан әкімдеріне бірдей жүктеліп отыр.

Жиын соңында Дастан Адайұлы барлық мемлекеттік қызметшілерге ашықтық пен әділдік қағидаттарын берік ұстануды қатаң ескертті. Сондай-ақ, тұрғындармен кері байланысты жандандырып, әлеуметтік желілер арқылы халықты ақпараттандыру жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.

Қаражал қаласының тұрғындары үшін бұл ескерту – атқарушы билік жұмысына тың серпін беріп, жауапкершілікті арттыруға бағытталған нақты қадам.

Қаражал қаласының да бірқатар мәселелері назардан тыс қалған жоқ. Облыс басшысы қаламыздың әкіміне ескерту жариялап, жауапты орынбасарларға тәртіптік шара қолдану туралы тапсырма берді. Бұл шешім қабылдануына қаламыздағы құрылыс нысандарының сапасы мен мерзімінде аяқталмауы, сондай-ақ, кейбір салада инвестициялық жобалардың баяу жүруі себеп болды.