Қаражал қаласында жастардың белсенділігін арттырып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне үлес қосатын игі бастама – «Жасыл ел» жас сарбаздар жасағының 2025 жылғы жазғы маусымының ашылуы салтанатты түрде өтті. Іс-шараны Қаражал қаласының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Жыл сайын жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба жастар арасында еңбекке баулу, патриоттық тәрбие беру және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың жарқын үлгісі. Биылғы маусымда Қаражал, Жәйрем және Ақтай кенттерін қамти отырып, жалпы 165 жас уақытша маусымдық жұмыспен қамтылды.
«Жасыл ел» — бұл жай ғана еңбек емес, бұл ұлтқа, табиғатқа, қоғамға деген жанашырлықтың көрінісі. Жобаға қатысушы жастар жазғы маусымда қала мен ауылдардағы абаттандыру, көгалдандыру, тазалық жұмыстарына жұмылдырылады. Олар өз өңірлерінің тазалығы мен көркеюіне атсалыса отырып, еңбектің қадірін, табиғатқа деген жауапкершілікті жете түсінеді.
Салтанатты жиын барысында сөз сөйлеген ұйымдастырушылар мен ардагерлер, қалалық атқарушы орган өкілдері жас сарбаздарға сәттілік пен жемісті еңбек тіледі. Сонымен қатар, еңбек маусымының маңыздылығы, тәртіп пен ұйымшылдықтың рөлі және жастар үшін бұл жобаның болашақ мамандық таңдауда үлкен тәжірибе алаңы екені айтылды.
Қаражал, Жәйрем және Ақтай өңірлерінің көшелерін, саябақтары мен қоғамдық орындарын таза ұстап, жасыл желекке бөлеу – осы жастардың маусым бойғы басты міндеті болмақ. Олар қаламыздың көркі мен табиғи ортасына жанашырлықпен қарап, қоғамға пайдалы еңбек ету арқылы өздерінің азаматтық белсенділіктерін көрсетпек.
«Жасыл ел» — бұл жас ұрпақтың табиғатты сүйіп, оны аялауға деген шынайы ниетінің символы. Жастарға сенім артып, олардың белсенділігін қолдау – жарқын болашаққа жасалған нақты қадам. Биылғы маусым сарбаздарына табыс, сергектік, ұйымшылдық және ұмытылмас әсерге толы еңбек маусымын тілейміз.