Жастар тәрбиесіне жол ашқан тағайындау

Алланың қалауымен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұйрығына сәйкес Тілеухан Төлеубай Қаражал қалалық мешітіне ұстаздық қызметке тағайындалды. Бұл — қаламыздың рухани өміріндегі маңызды жаңалықтардың бірі.

Тілеухан Болатбекұлы – діни білім жолында ізденіп, өзін кәсіби тұрғыда қалыптастырып келе жатқан жас маман. Соған қарамастан, ол ұстаздық қызметте жауапкершілігімен, тиянақтылығымен ерекшеленіп үлгерді. Қазіргі таңда медреседе дәріс беріп, шәкірттеріне сапалы білім мен тағылымды тәрбие ұсынып жүр. Оның сабырлы болмысы, түсіндіру әдісінің жүйелілігі мен ілімге деген ықыласы шәкірттерінің зор ризашылығына бөленуде. Бұл – жас ұстаздың болашағынан үлкен үміт күттіретін айқын көрсеткіш.

Қаражал қалалық мешітіндегі жаңа қызмет – жас маман үшін үлкен сенім мен жауапкершілік жүгін арқалатады. Мешіт – жамағаттың рухани ордасы, имандылық пен ізгіліктің ұясы. Осындай қасиетті орында қызмет атқару – абыройлы міндет. Тілеухан ұстаздың білімге деген талпынысы мен ұстаздық тәжірибесі мешіт жұмысына серпін беріп, жамағатпен жүйелі, мазмұнды жұмыстар жүргізуге негіз болары сөзсіз.

Қалалық мешіттің бас имамы Талғат Советов атап өткендей, бұл тағайындау – өңірдегі діни-ағартушылық бағытты жандандырып, жастар тәрбиесіне айрықша мән берудің көрінісі. Жас маманға көрсетілген сенім – оның білімі мен қабілетіне берілген жоғары баға.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ