Жасанды интеллект технологиялары адамзат тіршілігінің барлық саласына дендеп енген сайын оның мүмкіндіктері ғана емес, келтіретін қауіптері де айқындала түсуде. Соңғы жылдары әлемдік қауымдастықты алаңдатып отырған негізгі қатердің бірі – дипфейк. Бір қарағанда ойын-сауық мақсатында пайда болған бұл құбылыс бүгінде ақпараттық кеңістікті жаппай улаған, қоғамның сенім жүйесін шайқалтып тұрған құбылысқа айналды.
Дипфейк деген не және ол неге қауіпті?
Дипфейк – жасанды интеллекттің көмегімен жасалған жалған бейне, аудио немесе фото. Технология адамның дауысын көшіріп, бет-әлпетін дәл салып, сөйлеу мәнерін айнытпай жеткізе алады. Бірнеше жыл бұрын мұндай өнімдер дөрекі монтаждан алысқа бара алмайтын. Ал қазір шынайы адамнан ажырату қиын бейнелерді небәрі смартфон қосымшаларының өзінде жасап шығуға болады.
Target Information Security компаниясының директоры, ақпараттық қауіпсіздік аудиторы Лаура Тлепина inbusiness.kz-ке берген сұхбатында қазіргі жағдайды келесідей сипаттайды: дипфейктерді тану күннен-күнге күрделеніп барады, себебі, жаңа генерациялау алгоритмдері бақылаушы құралдардан озып кетуде. Сарапшының айтуынша, бұрын жасанды роликтердегі бет шекараларындағы бұзылыстар, ерін қимылының сәйкес келмеуі, жарықтың дұрыс түспеуі сияқты белгілер байқалатын. Ал жаңа үлгілерде мұндай ақаулар жоқтың қасы. Мұндай контентті айқындау үшін кәсіби детекторлар немесе сарапшылар талдауы талап етіледі.
Ақпараттық сенімге бағытталған соққы
Дипфейктің негізгі қауіптілігі – оның шындыққа ұқсайтын жалған ақпарат тарата алуы. Егер желіде белгілі тұлғаның жалған мәлімдемесі тараса, ол қоғамды шатастырып қана қоймайды, саяси процестерге де ықпал етуі мүмкін.
Лаура Тлепинаның айтуынша, мәселе тек жалған роликтің тарауында емес. Бұл құбылыс шынайы ақпараттың да беделіне сызат түсіреді. Кез келген видеоға «бұл дипфейк» деп күмәнмен қарау дәстүрге айналуы мүмкін. Бұл – қоғам үшін аса қауіпті үрдіс. Демек, дипфейк тек жалғандықты көбейтпейді, ол шынайылық ұғымының өзін жоққа шығаруы мүмкін.
Арандатушылар, алаяқтар және жаңа қылмыстар
Технология кең қолжетімді болған сайын оның қолданушылары да көбейіп жатыр. Бүгінде интернетте дипфейк жасауға арналған ондаған тегін немесе арзан сервис бар. Бұл — алаяқтар үшін таптырмас құрал.
2025 жылы Қазақстанда бірқатар танымал тұлғалардың жасанды видеолары тарағаны белгілі. Көпшілігі мұны шын деп қабылдап, жалған ақпарат бір күн ішінде елге кең тарап үлгерген. Сарапшылар мұндай контенттің артында нақты адамдар мен ұйымдасқан топтар тұруы мүмкін екенін айтады. Сондықтан, дипфейк жасау мен таратуды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі күн тәртібінде тұр.
Қазір Қазақстанда дипфейк толыққанды кең таралды деп айту қиын. Көбінесе қоғамды шатастыратын жалған ақпараттар фотомонтаж, фейк сайт немесе жалған аккаунттар арқылы жасалады. Ал күрделі AI-генерацияланған бейнелер әлі сирек. Дегенмен, әлемдік трендтерді ескере отырып, еліміз бұл мәселеге алдын ала назар аудара бастады.
Заңдық шаралар: Қазақстан дипфейкке қарсы қандай қадам жасады?
17 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойды. Бұл құжатта жасанды интеллекттің құқықтық базасы алғаш рет жүйеленді және қауіпті категориядағы ЖИ түрлерін пайдалануға бірқатар шектеулер енгізілді.
Ақорда таратқан мәліметке сәйкес, Қазақстан аумағында: тұлғаның түпсаналығын бұзатын, манипуляция жасайтын, жеке деректерді заңсыз жинайтын және өңдейтін жасанды интеллект жүйелерін қолдануға тыйым салынады.
Осыған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев дипфейк жасаушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажеттігін ашық айтқан еді. «Жалған контенттің артында нақты адамдар тұр. Егер қоғамда тәртіп орнасын десек, мұндай әрекетке қатаң жауапкершілік қажет», – деген болатын ол.
Қайда бара жатырмыз?
Жасанды интеллект — адамзат дамуының жаңа кезеңін ашқан құбылыс. Бірақ, оның көлеңкелі тұстары еленбесе, қоғамның тұрақтылығы үшін күрделі қауіпке айналуы мүмкін. Дипфейк — соның ең өткір мысалы.
Келешекте ақпаратқа сенім төмендеу, саясаттағы манипуляциялар, тұлғалардың беделіне шабуыл, экономикалық алаяқтық, ұлттық қауіпсіздікке қатер сияқты мәселелер ушығуы мүмкін. Сондықтан, Қазақстан үшін де, әлем үшін де басты міндет — технологияны тоқтату емес, оның қауіптерін тану, бақылау және реттеу.
Қоғамдық иммунитет қалыптастыру — ақпараттық сауаттылықтан, құқықтық база мен технологиялық қорғаныс құралдарынан басталады.
inbusiness.kz деректері негізінде дайындалды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
