Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында еліміздің даму бағыты жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға негізделуі тиіс екенін атап өтті. Таяу күндері Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесуінде: – Біз еліміз өсіп-өркендесін десек, ең алдымен, цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуына баса мән беруіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі ең маңызды мақсатымның бірі,- деді.
Жолдаудың басты мақсаты – Қазақстанды жаңа технологиялық кезеңге бейімдеу және жаһандық бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосу. Мемлекет басшысы жасанды интеллектті экономиканың барлық саласына енгізу қажеттігін атап өтіп, бұл қадам елдің инновациялық дамуына серпін беретінін айтты.
Мемлекет басшысы ерекше назар аударған бағыттардың бірі – экономиканы жаңғырту. Жолдауда инвестиция тарту жүйесін жетілдіру, нақты секторды қолдау және қаржы институттарының рөлін арттыру қажеттігі айтылды. Бұл шаралар ел экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Білім беру саласы да Жолдаудың маңызды бөлігі болды. Мемлекет басшысы заманауи цифрлық дағдыларды дамыту, жасанды интеллектті меңгерген мамандар даярлау және ғылымды қолдау мәселелеріне тоқталды. Бұл – елдің адами капиталын күшейтудің негізгі тетігі ретінде қарастырылды.
Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, туризм сияқты салаларды жетілдіру мәселелері де қамтылды. Президент еліміздің Еуразиядағы маңызды көлік хабына айналуы тиіс екенін атап өтті.
Цифрлық технологияларды енгізу мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді. Жаңа технологиялар бизнесті дамытуға да қолайлы жағдай жасап, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Цифрландыру үдерісі өңірлер арасындағы алшақтықты азайтып, тең мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.
Бұл Жолдау Қазақстанның цифрлық болашаққа бағытталған нақты қадамдарын көрсетеді. Жасанды интеллектті кеңінен енгізу, экономиканы әртараптандыру және адами капиталды дамыту арқылы еліміз тұрақты дамуға қол жеткізіп, әлемдік аренадағы өз орнын нығайта алады.
Осылайша, Президент Жолдауы – еліміздің жарқын болашағына бастайтын нақты бағдар. Заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы Қазақстан алдыңғы қатарлы, дамыған мемлекеттердің біріне айналары сөзсіз.
Айнагүл ДОШАБЕКОВА,
«Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ бас маманы.
