Қазақ боксы – еліміздің ең табысты және танымал спорт түрлерінің бірі. Егемендік алғаннан бері Қазақстан боксшылары халықаралық ареналарда өз мықтылықтарын дәлелдеп, олимпиадалар мен әлем чемпионаттарында жоғары нәтижелерге жетіп келеді. Қазақстанның бокс мектебі – тәртіп, еңбек және рухтың мектебі. Әсіресе, ауыл-аймақтарда бокс спортын дамыту арқылы еліміз көптеген таланттарды тәрбиелеп шығарды. Қарапайым ауыл баласынан әлем чемпионына дейінгі жол – бұл қазақ боксының басты ерекшелігі.
Ағымдағы аптаның бейсенбі-жұма күндері Қаражал қаласында 2010-2011 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында бокстан ашық облыстық турнир өтті. Турнир Республика күніне орай ұйымдастырылып, облыстың әр өңірінен келген 5 команда бас қосты.
Салтанатты ашылу барысында сөз алған Қаражал қаласы әкімінің орынбасары – Аманқазы Наукенов қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды.
— Бүгінгі турнир – ел ертеңі саналатын жас спортшылардың алғашқы белесі. Рухты, тәртіпті және мықты болыңдар. Республика күні – Тәуелсіз еліміздің символы ғана емес, бірлік пен ерлікке үндейтін мереке. Баршаңызға сәттілік тілеймін, — деді.
Турнирге Ұлытау облысының әр өңірінен келген командалар қатысып, жас спортшылар ринг төрінде өздерінің шеберліктерін көрсетті. Әр жекпе-жек – тартысты өтті, спортшылар барын салып, әр секундты бағалап, нағыз спорттық мінез көрсетті.
Жарыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуін тәжірибелі төрешілер құрамы қамтамасыз етті. Бас төреші қызметін Нұрқас Еділбаев атқарса, турнирдің ұйымдастырушылық жұмысын бас хатшы Әлібек Жүргінов үйлестірді. Сонымен қа тар, төрешілік етуде Шыңғыс Сәлкенұлы, Серік Шайхин, Қайырбек Ілиясов, Жарас Жайлыбаев, Ұлықпан Сапарбек, Нұрислам Балтабаев және Николай Шиянов сынды білікті мамандар кәсіби біліктілік пен әділдік көрсетті.
Жаңаарқа ауданынан 2 команда алып келген Шыңғыс Сәлкенұлын сөзге тартқан болатынбыз.
— Жаңаарқа ауданынан бұл жарысқа арнайы екі команда алып келдік. Барлық турнир біз үшін маңызды, себебі, әр жарыс – балалар үшін үлкен мектеп, тәжірибе алаңы. Мұндай сайыстар жас спортшылардың өсіп-жетілуіне жол ашады. Жеңсек – қуанамыз, жеңілсек – шыңдаламыз. Балаларға ең бастысы – рингке деген сенім, тәртіп және спортқа деген махаббат керек. Осындай турнирлер арқылы біз болашақ чемпиондарды тәрбиелейміз. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, ринг үстінде ең мықтылар жеңіске жетсін! — деп қатысушыларға ақ тілегін жаудырды. Жаттықтырушының бұл сөзі – шын жанашырлық пен бапкерлік жолға адалдықтың айғағы. Шыңғыс бапкер секілді ұстаздардың еңбегі – ел болашағы үшін жасалып жатқан маңызды еңбек.
Облыстық бокстан ашық турнирде жеңімпаздар мен жүлдегерлер төмендегідей анықталды.
30 кг салмақта I орын Нұрислам Ермаханға, II орын Шапағат Маратовқа, ал III орын Бексұлтан Жақсылық пен Әлішер Сағиға бұйырды. 33 кг салмақта I орын Расул Сәрсенбайға, II орын Дінмұхаммед Бақытшоновқа, III орын Нұрислам Мұрат пен Нұрислам Ермаханға берілді. 35 кг салмақта I орын Аширханов Ақжолға, II орын Бақытжанов Нұрасылға, III орындар Димаш Темірлан мен Исхан Жеңіске тиісті болды. 40 кг салмақта I орын Алихан Оқжановқа, II орын Расул Сыздықовқа, III орын Артем Вольф пен Әли Ерғазыға берілді. 44 кг салмақта I орын Нұртас Мараловқа, II орын Орал Нұрғалиға, III орын Сұңғат Бектұр мен Нұрғиса Бақытқа бұйырды. 48 кг салмақта I орын Жангелді Тілеуовке, II орын Рамазан Рахметуллаға, III орын Әлішер Марат пен Ерболат Қайратқа берілді. 50 кг салмақта I орын Оразалы Саматұлына, II орын Шымболат Оқжановқа, III орын Илья Сухолистер мен Ерназар Культаевқа тиісті болды. 52 кг салмақта I орын Мәнсұр Қабылдаға, II орын Дінмұхаммед Абдуллаға, III орын Нұрдәулет Сәрсенбай мен Ибрахим Русланұлына берілді. 54 кг салмақта I орын Шәкәрім Мұхтарға, II орын Арсений Хабибуллинге, III орын Ғарифулла Амангелді мен Нұрдәулет Қуандыққа бұйырды. 60 кг салмақта I орын Әли Ахметовке, II орын Нұртілек Қожағұлға, III орын Александр Голусов пен Әмірхан Смаиловқа берілді. 66 кг салмақта I орын Батырхан Мейіржанға, II орын Сағыныш Байбәкірге, III орын Ханислам Махат пен Ислам Қайырбековке бұйырды. 70 кг салмақта I орын Ахмат Жайдарға, II орын Рустам Болатқа, III орын Амир Божаев пен Данияр Есенбаевқа берілді. 75 кг салмақта I орын Сұлтанали Бейсенгалиевке, II орын Аңсар Әділханға, III орын Асылхан Божаев пен Нұрасыл Бабанға тиісті болды. 80 кг салмақта I орын Иманғали Өмірзаққа, II орын Әлихан Сағынтайға, III орын Жәнібек Амантай мен Ерсін Азаматовқа берілді. 80 кг және одан жоғары салмақта I орын Степан Рахваловқа, II орын Нұразин Армияға, III орын Думан Рамазанов пен Нұрдәулет Олжабайға бұйырды. Осылайша, турнирде қатысушылардың жоғары деңгейдегі өнері мен спорттық жігері көрініс тауып, жеңімпаздар марапатталды.
Қаражал қаласында өткен бұл турнир – тек жарыс емес, болашақ чемпиондарға жол ашатын үлкен алаң. Мұндай шаралар жас таланттарды шыңдап, елге деген сүйіспеншілікті оятады. Бүгінгі жас боксшылар – ертеңгі күннің чемпиондары, еліміздің атын әлемдік ареналарда асқақтатады деген сенім мол. Сондықтан да, осындай турнирлер жастардың спортпен айналысуына ықпал етіп, олардың бойында патриоттық рух пен жеңіске деген жігерді қалыптастырады.