Электр қуаты – бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басты ресурс.
Үйіміздегі жарық, өндірістегі қозғалыс, ауруханалардағы аппараттар – барлығы осы қуатқа тәуелді. Ал, осы қуатты жеткізіп, жүйелі жұмысын қамтамасыз ететін мамандардың бірі – электромонтер. Бұл мамандық иелері көзге көрінбейтін, бірақ, қоғам үшін аса маңызды қызмет атқарады.
Жәйрем кентіндегі «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ энергия цехында электромонтер болып еңбек етіп жүрген Ерлан Әбілов – электр саласының нағыз білгірі.
Ол 1980 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Екі жасында ата-анасымен бірге Жәйремге қоныс аударған. Әкесі Сәттібай – комбинатта жүргізуші, анасы Шолпан – «Солнышко» балабақшасында тәрбиеші болған. Қазіргі таңда екеуі де зейнетте, Ерлан сол ата-анасының қолында тұрады.
Ерлан №10 орта мектепті тәмамдаған соң, арнайы кәсіптік техникалық училищеде «Электрик» мамандығын игеріп, еңбек жолын 1998 жылы электр бақылаушы ретінде бастайды.
2001 жылы «Үшқатын» кенішіне электромонтер болып орналасып, 2003 жылы өзі еңбек ететін комбинат атынан оқуға түсіп, «Электр механигі» мамандығын алып шығады.
Бүгінде ол электр жүйелерін орнату, жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жоғары деңгейде атқарады. Қауіпсіздік техникасын қатаң сақтай отырып, күрделі электр жабдықтарымен жұмыс істеу – Ерлан үшін күнделікті дағдыға айналған. Әрбір тетіктің, әрбір сымның қызметін жетік білетін маман ретінде ол өндірістегі апаттық жағдайларда жедел әрекет етіп, ақауды тез арада қалпына келтіре алады.
2007 жылы шаңырақ көтеріп, жары Бұлбұл Әбдіғалиқызымен бірге 5 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы.
Алтын құрсақты Бұлбұл ана жергілікті «Балдырған» балабақшасында тәрбиеші болып еңбек етеді. Ерланның отбасы – өнерлі, өнегелі шаңырақ. Балалары да ән айтып, өнерге жақын. Еркеназы мен Айзересі ән салса, Аяласы мың бұралған биші. Ал Ерғұлан – Қарағанды қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы спорт мектебінің оқушысы, болашағынан үлкен үміт күттіріп отырған спортшы.
Ерлан Сәттібайұлы – тек техник маман емес, өнерлі азамат.
Әншілік қабілетімен көзге түсіп, кәсіподақ ұйымы ұйымдастыратын «Алтын микрофон» байқауында бірнеше рет жүлдегер атанған. Халық арасында «Чайхана» деген лақап атымен танымал. Бұл есім оған «Ялла» тобының әншісі Фарух Закировты айнытпай салғаны үшін берілген. Жалпы кенттік ән байқауларына да қатысып, ерекше дауысымен көрермендерді өзіне баурап жүрген азамат. Бос уақытында асабалықпен де айналысатын өнері бар.
Ерлан сонымен қатар, кәсіподақ ұйымы жанынан құрылған «Өндіріс волонтерлері» тобының белсенді мүшесі.
Ол көбінесе, жалғыз басты қарттар мен көпбалалы аналарға өзінің мамандығы бойынша – электр жүйесін жөндеу, реттеу қызметтерін тегін көрсетеді. Ол:
– Қайырымды болу, айналаға көмек қолын созу – жан дүниені тазартады. Көмекке мұқтаж жанның алғысын алу – жолыңды ашады. Қолымыздан келгенше жан-жағымыздан көмегімізді аямайық! – дейді.
Электромонтер – бұл тек мамандық емес, бұл – қоғамға қызмет ету.
Олар – әрбір үйдің жарығында, әрбір зауыттың жұмыс ырғағында, әрбір қаланың тыныс-тіршілігінде жүрген көрінбейтін батырлар.
Ерлан Әбілов – сол батырлардың бірі. Оның еңбегі – ел дамуына қосылған үлес, ал адамгершілігі – қоғамға үлгі.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.