Ел дамуының маңызды басымдықтарының бірі – халықтың спорттық инфрақұрылымға қолжетімділігін кеңейту. Президент бастамаларымен үндесіп, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» атты Сайлауалды бағдарламасы аясында 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарламада көрсетілген нысандардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету мақсатында өңірлерде тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Осы бағыттағы бақылауға биыл қараша айынан бастап Қаражал қаласында салынып жатқан жабық хоккей корты нысаны енгізілді. Бұл – қала тұрғындары, әсіресе, жас буын үшін аса маңызды спорттық нысан. Қысқа мерзімде қарқынды түрде салынып жатқан бұл жоба өңірдегі спорт саласын дамытуға серпін бермек.
Республикалық деңгейде бекітілген Желілік кестеге сәйкес, 4 желтоқсан күні «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалы жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясының мүшелері нысанның құрылыс барысына кезекті мониторинг жасады. Бақылауға партия филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Исина да қатысты.
Құрылыс барысына нақты талдау жасалды
Мониторинг барысында комиссия мүшелері құрылыс жұмыстарының сапасы, еңбек қауіпсіздігі, материалдардың уақытылы жеткізілуі, мердігер компанияның міндеттемелерді орындау қарқыны сияқты маңызды мәселелерді жан-жақты қарастырды. Нысан басында жауапты тұлғалар құрылыс барысы туралы толық ақпарат беріп, жоспарланған мерзімдермен таныстырды.
Жабық хоккей кортының салынуы – Қаражал қаласы үшін ерекше маңызға ие. Бұған дейін қала тұрғындары қысқы спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысу үшін басқа қалаға баруға мәжбүр болатын. Ал жаңа нысан іске қосылғаннан кейін мұз айдыны жыл бойы қолжетімді болып, хоккей, мәнерлеп сырғанау және конькимен жүгіру секілді спорт түрлерін дамытуға кең мүмкіндік туады.
Тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады
Жобаның аяқталуы қаладағы балалар мен жасөспірімдер спортын дамытып қана қоймай, бұқаралық спортты жандандыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға зор ықпал етпек. Сондай-ақ, нысанның ашылуы жаңа жұмыс орындарының құрылуына, спорттық іс-шаралар мен аймақтық жарыстарды өткізуге жол ашады.
Партиялық мониторинг жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады. «AMANAT» партиясы құрылыс сапасына, жоспарлардың нақты орындалуына, тұрғындардың ұсыныстарының ескерілуіне ерекше мән береді. Бұл – партияның ел алдындағы ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын жүзеге асырудағы маңызды қадам.
Қоғамдық бақылау – сапалы іске кепіл
Қаражал қаласындағы жабық хоккей корты – тек спорт нысаны ғана емес, өңірдің әлеуетін арттыратын, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызы жоғары жоба. Нысанның сапалы салынуы – партиялық бақылаудың, жергілікті атқарушы органдар мен мердігер ұйымдардың өзара үйлесімді жұмысының нәтижесі болмақ.
Жол картасында көрсетілген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуы – өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған басты мақсат. Сондықтан, партиялық бақылау алдағы кезеңдерде де күшейтіліп, әр нысанға тұрақты мониторинг жүргізілмек.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.
