Жәйрем кентінде халық игілігі үшін қолға алынған жүйелі жұмыстардың бірі – тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жаңарту. Бұл бастама кенттің келбетін көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталып отыр. Атап айтқанда, Жәйрем кентіндегі Әуезов көшесінде орналасқан № 8, 10 көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері заманауи талаптарға сай жөнделді. Жаңартылған қасбеттер ғимараттарға жаңа келбет сыйлап, көше бойына ерекше сән беруде.
Аталған жұмыстар тек сыртқы әрлеу шарасы емес, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру жолындағы нақты іс-шаралардың бірі ретінде жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар, бұл бастамалар жергілікті құрылыс секторын ынталандырып, жұмыс орындарының ашылуына да ықпал етуде. Құрылыс және жөндеу жұмыстарына жергілікті мердігер компаниялар мен жұмысшылар тартылып, экономикалық белсенділік арта түсті.
Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов:
– Халықтың сан жылдар бойы армандап келген мәселелері осы көп қабатты үйлердің жай-күйі еді. Сол армандарына ақырындап қол жеткізуде. Жергілікті жалғыз өндіріс ошағы – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ демеушілік жасап, меморандум арқылы көпқабатты үйлердің шатырлары мен жертөлелерін жөндеуден өткізіп берсе, жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, көпқабатты үйлердің қасбеттерін жөндеу жұмыстары қолға алынуда. Былтыр 7 үйдің, биыл Әуезов көшесіндегі № 8, 10 үйлердің қасбеттері жөнделді. Жалпы кентіміздегі 23 көпқабатты үйдің қалған 14-інің қасбетін жөндеу келесі жылдың еншісінде. Қазіргі таңда жұмсалатын шығынның есеп-қисабы жасалып, қаражат мәселесі қарастырылуда, – деді.
10 үйдің тұрғыны әрі жергілікті қауымдастық мүшесі Майя Карина:
– Үйіміз салынғалы бері бірінші рет сырты жөнделіп, өңі өзгеріп, азып-тозып, қалжырап тұрған түрі жаңарып, жасарып, көріктене түсті. Қасбеттерді жөндеу жұмыстарына қоғам белсендісі ретінде өзім тұрақты бақылау жасап отырдым. Тұрғындарға ұнамаған кейбір кемшіліктерді мердігер дер кезінде қалпына келтіріп, халықпен санасып отырды.
Жәйремнің кешегісі мен бүгініне куә адам ретінде соңғы жылдары көп оң өзгерістерді байқадым. Өмірі жөндеу көрмеген үйіміздің жертөлесі мен шатыры қалпына келтіріліп қуанып едік, биыл қасбеті әрленіп, саңылаулары бітеліп, балкондарына тіреулер орнатылып, қаңылтыр жабындары жаңартылып, сыртқы келбеті көркейіп, су жаңа үйге көшкендей әсерде жүрміз. Жергілікті әкімдікке, әкім Қайрат Жансағымовқа, мәслихат депутаттары мен қауымдастық мүшелеріне мың алғыс айтамын, – деді тұрғын.
Мұндай жобалар – шағын және орта бизнес субъектілерінің дамуына да серпін береді. Материалдар жеткізу, қызмет көрсету бағыттарындағы жергілікті кәсіпкерлердің табысы артып, аудандық экономиканың тұрақты дамуына ықпал ету үстінде.
Жәйрем кентінде алдағы уақытта да инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға үлес қоса бермек.
Теректі ШАҒАТАЙ.
