2023 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт ТОҚАЕВ «Əділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Əр жыл сайын ҚР Президент Жолдауды өз жаңалықтарымен, құнды ұсыныстарымен еліміздің өркендеуіне, жаңғыруына негіз болатын салмақты тұжырымдармен ерекшеленеді. Өйткені Президент Жолдауы мемлекетіміздің даму жолындағы бағыт берер басты құжаты.
Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық əлеуетіне жəне зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды əрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала əлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл əлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тəсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мəселе. Зияткерлік меншік дегеніміз – құрал-жабдық немесе технология сияқты кəдімгі мүлік. Қазір креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған, өңірлер назардан тыс қалып отыр. Бұл ахуалды түзеу қажет. Дарынды азаматтарды өзіне тартатын орындар, яғни креативті индустрия орталықтары барлық облыс орталығында болуға тиіс. Онда креативті адамдардың өз өнімін коммерцияландыруына көмек көрсетілуі керек.
Креативті индустрия субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысты кəсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды, қаржылай көмек те ала алмайды. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын əзірлеу қажет деп санаймын. Енді орта кəсіпкерлікті дамыту мəселесіне тоқталғым келеді. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын жəне ірі бизнес тұрақты дами бастады. Алайда орта кəсіпкерліктің даму қарқыны əлі де бəсең. Жаңа экономикалық үлгіге көшу үшін оны «қолмен көтеруге» тура келеді. Ең алдымен, орта бизнестің дамуын тежеп тұрған кедергілерді жою қажет. Орта кəсіпкерліктің басым бөлігі əбден дамыған кезде бөлшектеніп кетеді. Өйткені оларға шағын бизнес деңгейінде қалған əлдеқайда «қолайлы». Еліміздің нарығында белсенді жұмыс істеп жатқан табысты орта кəсіпорындар көп емес. Оларға қолдау көрсету қажет.
«Бизнестің жол картасы» жəне «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктірген жөн. Оны шағын жəне орта кəсіпкерлікті қолдайтын кешенді бағдарламаға айналдыру керек.
Мемлекеттік қолдау шараларын өндірістің технологиялық күрделілігіне жəне бизнестің нақты түріне қарай жіктеу маңызды. Оның операциялық тиімділігі жоғары болуы да өте маңызды.
Жаңагүл БЕКМАҒАНБЕТОВА,
Ұлытау ауданының жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы.