Жаңа Жолдау – жаңа мүмкіндіктер: жас мұғалімдерге қолдау және кәсіби өсу жолы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы – еліміздің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын айқындайтын стратегиялық құжат. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазіргі заманның басты талабы – жасанды интеллектті тиімді пайдалану. Бұл бағыт экономиканың барлық саласында өнімділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шешім қабылдау үдерістерін жеделдетуге жол ашады.

Жолдауда ерекше мән берілген тағы бір мәселе – білім беру жүйесін жаңа талаптарға бейімдеу. Жастарды ІТ, киберқауіпсіздік, робототехника салаларына баулу арқылы біз болашақ мамандарды даярлап, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырамыз. Сонымен бірге, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау – сенімді экожүйе қалыптастырудың басты кепілі деп атап көрсеткен. Президент жасанды интеллектті өскелең ұрпақтың сауатты пайдалануының маңыздылығына ерекше назар аударады. Бұл – еліміздегі цифрлық трансформацияның міндетті шарты әрі адам капиталының шешуші рөлін көрсетеді. Басқаша айтқанда, бізге жоғары сапалы адами ресурстар қажет, өйткені, білімді әрі жауапкершілікті азаматтар – ұлттық экономиканың негізі және Қазақстанның болашағы. Осы бағытта жас мамандарға мемлекеттік қолдау керек екенін үнемі айтып келеді. Жас мамандар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күші болып табылады. Алайда, олардың өмірде орнын тауып, кәсіби салада жетістікке жетуі үшін белгілі бір қолдаулар қажет. Мұндай қолдаулар жастардың кәсіби тұрғыда жетілуіне, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына және әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде жастарды жұмыспен қамтуға арналған «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Білім беру саласында жастар саясатын жүзеге асыру аясында жастарды қолдау және дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалынуда. Қаражал қалалық білім бөлімі тарапынан жас мұғалімдерге арналған «Жасампаз жас ұстаз», «Жас педагог — тәжірибелі мұғалім» атты семинарлар ұйымдастырылып тұрады. 2024-2025 оқу жылында жас ұстаз № 7 жалпы білім беретін мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Сағыныш Сейтжаппарова Көкшетау қаласында өткен республикалық «Жаңа мектепке — жаңашыл ұстаз» атты жас педагогтар арасындағы байқауға қатысып, жүлделі орынмен оралды. Жалпы білім беру саласында 1-5 жыл аралық еңбек өтілі бар жастар саны — 20. Әрбір жас маманға білім беру ұйымдарынан арнайы тәлімгерлер бекітіліп, белгілі жоспар бойынша жұмыс істейді. «Білімді ұлт сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында қалалық деңгейде жас мамандар жиыны өтіп тұрады. Жас мамандар біліктілігін арттырып тұру үшін үнемі «Өрлеу» біліктілігін арттыру ұлттық орталығы АҚ Қарағанды, Астана және Ұлытау филиалдарында 16 ұстаз біліктіліктен өтті. Өтіп келгеннен кейін өз пәндері бойынша мектепішілік, қалалық семинарлар өткізіп тұрады. Қалалық білім беру бөлімі үнемі жас ұстаздарға қамқорлықтарын аямайды. Жаңа Жолдау – бұл жас мұғалімдерге ғана емес, бүкіл білім беру саласына жаңа мүмкіндіктер ашатын стратегиялық бағдарлама. Біз Жолдауда көрсетілген бағыттарды толықтай жүзеге асырамыз: жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу арқылы сабақ беру сапасын арттырамыз, жас мамандардың кәсіби дамуын қамтамасыз етеміз және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге жағдай жасаймыз. Мемлекет басшысының тапсырмалары – әр ұстаз үшін міндет және жауапкершілік. Жастардың кәсіби өсуі, білім беру сапасының көтерілуі және оқушылардың жан-жақты дамуы – еліміздің болашағына инвестиция. Қаражал қаласы мен білім саласы жаңа бастамаларды қолдап, Жолдауда белгіленген мақсаттарға сай әрекет етуді жалғастыра береді, жас мамандарды қолдап, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау арқылы ұлттық білім жүйесінің жаңа деңгейіне шығамыз. Бұл қадамдар – Қазақстанның білім беру саласында жаңа дәуірге, цифрлық және инновациялық трансформацияға өтуінің нақты көрінісі. Ел мен қоғамның игілігі үшін жасалып жатқан әрбір бастама – Жолдауда айтылған стратегиялық бағыттарды орындаудың дәлелі.

Мадина РАХИМОВА,

Қаражал қалалық білім бөлімінің әдіскері.