Жаңа жоба – «Арбалар шеруі»

Қаражал қалалық мəдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен Балалар жылына арналған іс-шаралар жоспары аясында өңірде бұрын-соңды болмаған «Арбалар шеруі» шарасы өтті. Терең ойластырылған тартымды жоба жалпы жұртшылықтың ынтасы мен ықыласын оятты.

Əдіскер Ива Абиева тікелей жауапкершілігін арқалаған жобашартына сəйкес, ата-аналар өз бүлдіршіндерінің «көлігін» көңіл қалаулары бойынша түрлі нұсқада безендіріп келуі талап етілген еді. Нəтиже ұйымдастырушылар күткендегіден анағұрлым артық болып шықты.

Сəбилерінің қызығушылығына бей-жай қарамайтын ата-аналар қоларбаларын барынша ерекшелеуге тырысқаны көрініп-ақ тұрды. Айрықша безендірілген қоларбалар бірінен бірі өтіп, көздің жауын алды. Осы ерекшеліктер балақайларға ертегі əлеміне саяхат жасағандай сезім күйін кештіргені күмəнсіз.

Ең креативті безендірілген арба иелеріне ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар табысталып, қатысушыларға тəтті сыйлықтар мен ойыншықтар таратылды.

Балшырын АМАНТАЙ