Жаңа жүйені жатырқамаған жөн немесе өңірде МИБ пен ЖС құру баяу жүруде

Биылғы 1 шілдеден бастап бұрынғы пәтер иелері кооперативтері (ПИК) өз жұмысын тоқтатады. Ал, олардың қызметін бұдан әрі меншік иелері бірлестігі (МИБ) немесе жай серіктестіктер атқаратын болады. Қазір еліміз бойынша тұрғын үйді басқарудың осынау жаңа формаларына көшу басталды. Алайда, бүгінгі күні бұл бағыттағы жұмыс Қаражал-Жәйрем өңірінде баяу жүруде.

Бар-жоғы – жалғыз МИБ

Жаңаға жатырқай қарау – қашанғы әдетіміз. Қазір де МИБ пен ЖС-ке жүрексіне қарап, мұның соңы қалай болар екен деп, істің аңысын аңдып отырмыз. Ал, уақыт болса ырғалып-жырғалуды көтермейді. Көзді ашып-жұмғанша шіліңгір шілденің қалай келіп қалғанын да аңғармай қаласыз. Сол кезде тозығы жеткен құбыр мен қиюы кеткен кәріз жүйесін қалай жөндетеріңізді білмей, дал боларыңыз бек мүмкін. Сондықтан, жаңа жүйенің жалына жабысқандарыңыз жөн. Ол сіздерді «далада қалдырмасы» анық.

Алайда, жұмыс әлі мандымай отыр. Қаражал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автокөлік жолдары, құрылыс және тұрғын инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сауытбаевтың айтуынша, өңірде бүгінгі күнге дейін бір ғана меншік иелері бірлестігі құрылған.

– Жалпы, Қаражал қаласы мен Жәйрем кенті бойынша тұрғын үйді басқарудың мұндай формалары көп емес. Тұрғындарға қызмет көрсету, негізінен, қалалық коммуналдық шаруашылық мекемесі есебінен жүргізіледі. Сондықтан да болар, бізде бүгінгі күнге дейін бас-аяғы екі пәтер иелері кооперативі жұмыс істеді. Оның біреуі қазір өзінің қызметін тоқтатуға қамданып отыр.

Ал, жаңа жүйеге келетін болсақ, қазір қала бойынша 1 МИБ және 50 жай серіктестік (ЖС) құрылды. Бірақ олардың жұмысы ойдағыдай жүріп кетті деп тұжырым жасау әзірге қиындау, – деді Нұрсұлтан Бауыржанұлы бізбен әңгімесінде.

Іс неліктен ілгері баспай тұр?

Міне, бұл сауал қазір өңірдегі өзекті мәселенің біріне айналған. Нұрсұлтан Сауытбаевтың сөзіне қарағанда, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүріп жатқан сыңайлы. Қала әкімдігінің сайтында осы мәселені бүге-шігесіне дейін талдап түсіндіретін арнайы парақша да ашылған. Жұртшылықпен бетпе-бет жүздесулер кезінде бөлім мамандары жаңа жүйенің артықшылықтары мен оған көшу тәртібі туралы егжей-тегжейлі түсіндіруде. Демек, қаланың атқарушы билігінің қадағалауымен насихат шаралары талап деңгейінде атқарылуда.

– Сонда да болса, халықтың мұны қабылдауы тым баяу. Қазіргі құрылған бірлестік пен жай серіктестіктерге ақша аударуға да құлықсыз. Төрағалар зыр жүгіріп, жарна жинаумен уақыттарын өткізуде. Бұл бұрын қалыптаспағандықтан соң да шығар, – дейді бөлім басшысының орынбасары.

Осы салаға жауапты бөлімнің берген ақпаратына сүйенсек, Қаражал қаласында 59 көпқабатты үй бар екен. Шындап қолға алса, меншік иелері бірлестігін құру айтарлықтай қиындық тудырмайтын сияқты. Бірақ елдің сенімі болмаған жерде жұмыстың жүруі де екі талай. Оның үстіне ынталы жандардың өзі МИБ-ке қарағанда ЖС құруға көбірек бет бұрған. Мұның себебі, меншік иелері бірлестігін құру үшін заңды түрде тіркелуің керек. Оның жұмысы өз алдына, құжаттар дайындауды қиынсынатыны да бар секілді. Ал ЖС ашу оңай. Ол үшін арнайы тіркеуден өтудің қажеті жоқ.

Жаңа жүйе несімен тиімді?

Орайы келгенде айта кетейік, МИБ құру үшін пәтер иелерінің 50 пайыздан астамының келісімі керек. Сондай-ақ, тұрғын үйдегі белсенді тұрғындар арасынан кем дегенде 3 адам төрағалыққа сайланады және екі есепшот ашылады. Оның біреуі – ағымдағы болса, екіншісі – жинақтық. Ағымдағы шот есебінен күнделікті тазалау, жинау, жуу қызметтеріне қаржы бөлінеді. Жинақтық шотқа ұзақмерзімді жөндеу жұмыстары үшін қаржы жиналады. Сондай-ақ, меншік иелері бірлестігі кез-келген қызмет көрсетуші мекемелермен келісім-шартқа отыра алады. Ең бастысы, бірлестік мүшелері өздерінің қаржыларының қайда жұмсалғанын көріп, біліп отырады. Өйткені, бірлестік төрағасы ай сайын тұрғындарға есеп беріп, қаржының қайда, не үшін жұмсалғанын айтып отыруы керек. Сол сияқты, МИБ басқарушысы да төлемдік шоттарға қаржы аудармай отырған тұрғындарды көре алады. Есепшотқа ақша аудармайтын тұрғындарға 3 рет ескерту берілгеннен кейін сотқа шағымдануға болады.

Ал жай серіктестік құру үшін барлық тұрғындардың 100 пайыз келісімі болуы тиіс. Жай серіктестік заңды тұлға ретінде тіркелмейді. Бұл форманы таңдаушылар басқарушы сайлайтын болса, оған сенімхат беруі міндетті. Жай серіктестікті таңдаған тұрғындар өз үйлерінің қамы үшін ағымдық шот аша алады, бірақ жинақтық шот ашу мүмкіндігі жоқ.

P.S. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, өз үйіңіздің қыста жылы, жазда салқын және ыстық, суық судың тұрақты келіп тұруы үшін, кәріз желілерінен қолқаны қабатын жағымсыз иіс шықпауы үшін жаңа жүйені жатсынбай қабылдаған жөн. Бұл өзіңіз үшін, отбасыңыз үшін маңызды әрі тиімді шешім болары анық.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ