Жаңа заманның білім сапасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты тетігі ретінде сапалы білім беру жүйесін атап өтті. «Білім – ел болашағының кепілі» деген ұстаным Қазақстанның тұрақты дамуы мен ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің негізі ретінде тағы бір мәрте нақтыланды.

Президент өз Жолдауында заманауи білім беру – инновация мен технологияның, тәжірибе мен ғылымның тоғысқан тұсы екенін баса айтты. Ендігі жерде білім беру мазмұны ғана емес, оны беру тәсілі де заман талабына сай жаңаруы қажет. Бұл ретте цифрлық білім ресурстарын кеңінен енгізу, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру, оқу бағдарламаларын еңбек нарығының қажеттілігіне сәйкестендіру секілді нақты міндеттер жүктелді.

Білім сапасы – ең алдымен ұстаз сапасы. Президент Жолдауында педагог мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстар жалғаса беретінін айтты. Соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысы өсті, кәсіби даму курстары мен біліктілік арттыру мүмкіндіктері көбейді. Бұл – ұстаз еңбегіне берілген шынайы құрмет пен инвестиция.

Бүгінгі таңда жастар тек білім алумен шектелмей, оны қолдана алатын, ойлайтын, сараптайтын, шешім қабылдай алатын тұлға ретінде қалыптасуы керек. Бұл – жаңа дәуірдің талабы. Сол себепті білім беру жүйесі де тұлғалық дамуға, шығармашылыққа, жаңашылдыққа бағытталуы тиіс.

Қорыта айтқанда, жаңа заманның білім сапасы – тек мектеп бағдарламасының күрделілігімен емес, білімнің өмірмен ұштасуымен, шәкірттің бойында қалыптасқан дағды, құндылық пен мақсаттылықпен өлшенеді. Президент Жолдауы – осы бағыттағы жүйелі реформаларға жол ашатын маңызды құжат. Ендеше, сапалы білім – елдің жарқын болашағы екенін ұмытпайық.

Асел КУДИКЕНОВА,

 № 3 ЖББМ директоры