Жаңа Конституция: қоғамның белсенді қатысуымен жасалған тарихи қадам

Қазақстан тарихында жаңа Конституция жобасын әзірлеу – елдің саяси дамуы мен қоғам мен мемлекеттің өзара сенімін нығайтатын маңызды оқиға. 2026 жылғы реформалық үдеріс тек құқықтық өзгерістермен шектелмей, ашықтық, жариялылық және азаматтардың белсенді қатысуымен ерекшеленді. Бұл жолғы Конституция жобасы халықтың пікірін ескеруге, кәсіби сараптаманы тиімді пайдалануға және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.

Жаңа Конституция жобасы қоғамға жария түрде ұсынылды. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, сараптамалық клубтар мен қоғамдық ұйымдар платформалары арқылы әрбір азамат өз пікірін білдіруге мүмкіндік алды. EGov және eOtinish порталдары арқылы 10 мыңнан астам ұсыныс түсті.

 

Келіп түскен ұсыныстар тек тіркеліп қоймай, комиссия тарапынан жан-жақты талданды. Кейбір ұсыныстар техникалық сипатта болса, енді бірі нақты баптар мен бөлімдердің мазмұнына қатысты болды. Осы тәсіл қоғамдық пікірдің Конституция әзірлеу процесіндегі маңызды рөлін көрсетті.

 

Кеше Конституция жөніндегі комиссияның 12-ші және соңғы отырысы өтті. Бұл жиында құжаттың әрбір баптығы жан-жақты талқыланып, соңғы редакция бекітілді. Отырыс барысында әр сөз майшаммен қаралды: кейбір тұжырымдарға қатысты мамандар арасында қызу пікірталас болды. Мұндай терең талқы мәтіннің сапасы мен заңдық үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталды.

 

Комиссия жұмысы тек негізгі отырыстардан тұрмады. Арнайы жұмыс топтары тұрақты түрде, күнделікті режимде құқықтық, идеологиялық және терминологиялық бағытта еңбек етті. Конституционалист мамандар, тәжірибелі заңгерлер, тіл мамандары және құқық саласы сарапшылары жобаның мазмұндық сапасына өз үлестерін қосты.

 

Осы тәсіл әртүрлі өңірлер мен кәсіби салалардың өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етіп, ұсынылған түзетулердің жан-жақты қаралуына мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл процесс мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланысты нығайтып, реформаның легитимділігін арттырды.

 

Қорытындысында Конституциялық комиссия жаңа Конституцияның түпкілікті жобасын Мемлекет басшысына ұсынды. Президент комиссияның ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарғанын атап өтіп, кәсіби түрде еңбек еткен барлық мүшелеріне ризашылығын білдірді.

 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – конституциялық реформаның шешуші кезеңі.

 

Жаңа Конституцияның қабылдануы бүкілхалықтық референдум арқылы жүзеге асады. Азаматтар өздерінің тікелей таңдауы арқылы елдің саяси өміріне белсенді қатысады. Референдум форматы мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтады, азаматтық жауапкершілікті арттырады және елдің саяси мәдениетін дамытады.

 

Жаңа Конституция жобасы – мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегінің жемісі. Азаматтардың белсенді қатысуы, сарапшылар пікірі және кәсіби бағалау бір арнаға тоғыстырылды. Әр сөзге жауапкершілікпен қарау, жұмыс топтарының жүйелі еңбегі, қоғамдық талқылау және азаматтық бастамаларды ескеру – барлығы құжаттың сапасын арттырды.

 

15 наурыз – тарихи күн болмақ. Сол күні бүкіл халық Қазақстанның жаңа Негізгі заңын қабылдап, ортақ болашағын айқындайды. Жаңа Конституция – тек құқықтық акт емес, саяси жаңғырудың, қоғам мен мемлекеттің бірлескен шешімінің көрінісі.

 

Бұл құжат елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік даму бағытын айқындап, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік институттардың тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Енді еліміздің болашағы әрбір азаматтың белсенді қатысуымен қалыптасады.