Жаңа Конституция: ашықтық, кәсібилік және халық қатысуының айқын үлгісі

Қазақстанның саяси өмірінде жаңа Конституция жобасын әзірлеу ерекше тарихи кезең болып отыр. Бұл жолғы реформа ашықтық пен жариялылық, кәсіби сараптама және азаматтық белсенділіктің үйлесімінде жүзеге асырылды. Негізгі заң – мемлекет пен қоғам арасындағы келісімнің басты құжаты болғандықтан, оның әзірлеу процесі барлық мүдделі тараптардың қатысуымен өтті.

 

Жобаны әзірлеу барысында Конституциялық комиссия халыққа барлық кезеңде ашық болды. Жоба бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, әлеуметтік желілерде, сараптамалық клубтар мен қоғамдық ұйымдар алаңдарында талқыланды. Азаматтар өз ұсыныстарын EGov және eOtinish платформалары арқылы жолдай алды. Нәтижесінде, тұрғындардан 10 мыңнан астам ұсыныс түсті.

 

Бұл ұсыныстар тек тіркеліп қоймай, мазмұндық сараптамадан өтті. Комиссия оларды тек техникалық түзетулер немесе терминологиялық дәлдік үшін ғана емес, кейбір баптардың мазмұнына қосымша енгізу үшін де қарастырды. Осы процесс қоғамның Конституцияға деген қызығушылығының жоғары екенін дәлелдеді.

 

Кеше Конституция жөніндегі комиссияның 12-ші және соңғы отырысы өтті. Бұл жиында құжаттың әрбір баптығы мұқият қаралып, соңғы редакция бекітілді. Отырыста терең талқы-таразы, қызу пікірталас өтті. Бір сөздің қолданылуына қатысты мамандар арасында пікір айырмашылығы болған кездер де болды. Бұл – құжатқа тек формалды көзқараспен емес, жан-жақты және кәсіби тұрғыдан қаралғанын көрсетеді.

 

Комиссия жұмысы тек негізгі отырыстармен шектелген жоқ. Арнайы жұмыс топтары тұрақты түрде, күнделікті режимде құқықтық, идеологиялық және терминологиялық бағытта қызмет атқарды. Конституционалист мамандар, тәжірибелі заңгерлер, тіл және құқық саласы мамандары мәтіннің сапалы әрі мазмұнды болуына ат салысты.

 

Бұл тәсіл әртүрлі өңірлер мен кәсіби салалардың өкілдеріне ұсынылған түзетулерді жан-жақты қарауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, комиссия жұмысы мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталды.

 

Комиссия жаңа Конституцияның қорытынды жобасын Мемлекет басшысына ұсынды. Президент атқарылған жұмыстың ауқымын атап өтіп, кәсіби және жауапты еңбек еткен комиссия мүшелеріне ризашылығын білдірді.

 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – конституциялық реформаның шешуші кезеңі. Енді жаңа Негізгі заңды бүкіл халық бірге бекітеді.

 

Референдум – жаңа Конституцияның легитимділігін қамтамасыз ететін басты қадам. Азаматтар өздерінің ой-пікірін білдіру арқылы елдің саяси өміріне белсенді араласады. Мұндай формат мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогтың нығаюына, саяси мәдениеттің дамуына және азаматтық жауапкершіліктің өсуіне ықпал етеді.

 

Жаңа Конституция жобасы – мемлекет пен қоғамның бірлескен, жан-жақты және теңгерімді еңбегінің жемісі. Әр сөзге жауапкершілікпен қарау, жұмыс топтарының жүйелі еңбегі, қоғамдық талқылау және азаматтық бастамаларды ескеру – барлығы құжаттың сапасын арттырды.

 

Алдағы 15 наурыз – тарихи күн. Сол күні бүкіл халық Қазақстанның жаңа Негізгі заңын қабылдап, ортақ болашағын айқындайды. Жаңа Конституция – тек құқықтық акт емес, саяси жаңғырудың, қоғам мен мемлекеттің бірлескен шешімінің көрінісі. Енді еліміздің болашағы әрбір азаматтың белсенді қатысуымен қалыптасады.