Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және инновациялық даму бағытын айқындайтын маңызды саяси құжат ретінде кең талқылануда.
Президент өз Жолдауында цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, жаңа экономикалық модель қалыптастыру, білім мен ғылымды жаңғырту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру сияқты басым бағыттарды нақтылап көрсетті. Бұл құжат әрбір қазақстандықтың өміріне тікелей әсер ететін стратегиялық бағдар болып табылады.
Осы мақсатта Қаражал қаласында және Жәйрем кентінде мемлекеттік мекемелер мен еңбек ұжымдарында ақпараттық-түсіндіру кездесулері жүйелі түрде өткізіліп келеді.
Жасанды интеллект дәуіріне бағытталған Жолдау
Қазан айының басында Ұлытау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Қаражал қаласының мамандандырылған олимпиадалық резервтегі дзюдо балалар-жасөспірімдер мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Президент Жолдауының негізгі бағыттарын талқылауға арналған жиын өтті.
Кездесуде ұжым мүшелері Жолдауда көтерілген білім беру, цифрлық даму және жастардың кәсіби өсуіне қатысты мәселелердің өзектілігін атап өтті. Спорт саласында да жаңа технологияларды енгізу, спорт инфрақұрылымын цифрландыру, спортшылардың дайындығын ғылыми негізде бағалау жүйесін қалыптастыру қажеттілігі сөз болды.
Жәйрем ауруханасында өзекті мәселелер талқыланды
Жәйрем кентінің аурухана ұжымымен де осындай кездесу өтті. Кездесуде «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының «Жәйрем ауруханасы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Серік Саянов Мемлекет басшысының Жолдауындағы басты міндеттерге тоқталып, оның денсаулық сақтау саласына әсері жайында кеңінен түсіндірді.
– Президент Жолдауында жасанды интеллект пен цифрлық шешімдердің денсаулық сақтау жүйесіне енгізілуі – қызмет сапасын арттырудың және медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетудің басты тетігі. Бұл бағытта әрбір сала маманы жаңашылдыққа бейім болуы тиіс, – деді ол.
Кездесу барысында ұжым мүшелері Жолдауда көтерілген мәселелерге қатысты сұрақтар қойып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Аурухана қызметкерлері халық денсаулығын сақтау ісінде жаңа технологияларды қолдану, электрондық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, жас мамандарды қолдау бағыттарында өз ұсыныстарын білдірді.
Түсіндіру жұмыстары – ортақ міндет
Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері қала мен кенттегі барлық мекемелерде кезең-кезеңімен өткізілуде. Негізгі мақсат – Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттардың мәнін түсіндіру, халық арасында саяси белсенділік пен азаматтық жауапкершілікті арттыру.
Қаражал қаласы бойынша ұйымдастырылып отырған бұл жұмыстарға мемлекеттік органдар, партия филиалдары, жастар ұйымдары мен ардагерлер кеңесі белсене атсалысуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы – жаңа дәуірдің талаптарына сай, ел дамуының болашағын айқындайтын құжат. Қаражал қаласында басталған түсіндіру жұмыстарының негізгі мақсаты – Жолдауда айтылған бастамаларды әр ұжымға жеткізіп, әр азаматтың жүрегінен орын алатындай ету.
Ал, Жолдауда айтылған міндеттерді орындау – баршамыздың ортақ борышымыз. Өйткені, елдің келешегі – өз ісіне жауапты, жаңашыл әрі іскер азаматтардың қолында.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ