Жүректерге жылу сыйлаған тағылымды іс-шара

Бала күнім есіме түседі… Ақ жаулықты әжем кеш бата, самаурынның жанына бізді жиып алып, ескі ертегілерді айтып беруші еді. Қобыздың үніндей қоңыр даусымен ертегілерді майын тамызып жеткізетін. Қайта-қайта тыңдаудан жалықпайтынбыз. Кейде әжем ән салып, бесік жырын айтып отырып, өткен өмірден сыр шертіп кететін. Сол күндерде мен алғаш рет ұлт рухын, даланың үнін, әженің мейірімін сезіндім. Әжемнің әрбір сөзі — өмір сабағы, әрбір үні — жүрекке шипа секілді еді. Міне, дәл сол сәттерді бүгін қайта сезінгендей болдым… Осы бір естеліктердің төрінде жүріп, бір нәрсені анық түсіндім, бүгінгі күнге дейін жеткен салт-дәстүріміз — ата-әжелеріміздің арқасы. Олар — ұлттың жадын, даланың үнін, бабалардың аманатын бізге жеткізуші алтын көпір іспетті. Әрбір әженің жүрегінде ұрпаққа жеткізетін бір-бір тарих бар. Сол мұраны дәріптеу – бүгінгі буынның қасиетті парызы.

Ағымдағы аптада қалалық орталық кітапханада ерекше шуаққа толы, жүректерге жылу сыйлаған тағылымды іс-шара өтті. Халықаралық қарттар күніне арналған «Қарттарым — қазынам» атты салт-дәстүр байқауы аясында ақ жаулықты әжелер бас қосып, ұлттық құндылықтарды дәріптеген рухани кеш өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты — ата-бабадан мирас болып қалған ұлттық салтдәстүрімізді кеңінен насихаттап, ғасырлар бойы қалыптасқан бай мұрамызды кейінгі ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар, өмір көрген, көпті білген қарияларымыздың ақыл-кеңестерін жас буынға өнеге ету, олардың өмірлік тәжірибесіне құрметпен қарау — кештің басты мұраттарының бірі болды.

Байқауға қатысқан қазыналы әжелер әртүрлі кезеңдер бойынша ұлттық салт-дәстүрлерге қатысты білімдері мен тәжірибелерін ортаға салып, көрермен қауымға әсерлі кеш сыйлады. Көненің көзі болған кейуаналар ескі әңгімелерді шебер тарқатып, ұлттық дүниетанымымыздың тереңдігін паш етті. Әжелеріміз салт-дәстүр, отбасы тәрбиесі, қонақжайлылық, ырым-тыйымдар, ұлттық киім мен тағамдар туралы танымдық деректермен бөлісіп, көркем ой, салиқалы сөздерімен тыңдаушыларды баурап алды.

«Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген қазақтың дана сөзі кеш барысында тағы бір мәрте өз мәнін тапқандай болды. Байқау қатысушыларының әрқайсысы өмірлік өнегесімен, шежіреге толы әңгімелерімен, шынайы мейірім мен ізгіліктің жарқын үлгісін көрсете білді. Әжелеріміздің асқан парасаты мен жүрек жылуы жастардың жүрегіне жол тауып, залда отырған көрермендерді тәнті етті.

Іс-шара соңында ақ жаулықты аналарымыз жүрекжарды тілектерін айтып, бүгінгі күннің мән-маңызын ерекше атап өтті. Кеш қонақтары мен қатысушылары әсем ән шырқап, ұлттық би билеп, әсерлі кештің шырайын аша түсті. Ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпаттар табысталып, әжелерге құрмет көрсетілді.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ