Уақыт – үнсіз куә. Ал сол уақыттың әр сәтін хатқа түсіріп, халық жадында сақтайтын бір ғана күш бар. Ол – баспасөз. Биыл оқырманымен бірге өсіп, бірге қалыптасқан, талай тағдырдың үнін жеткізген қасиетті қара шаңырақ – газетімізге 25 жыл толып отыр.
Бұл – жай ғана сан емес. Бұл – маңдай тер, тынымсыз еңбек, ұйқысыз түндер мен оқырман алдындағы адалдықтың өлшемі.
Алғашқы кезеңдерде газет тек ақпарат құралы емес, елдің үміті мен сенімінің айнасы болды. Қоғамдағы өзекті мәселелер, ауыл мен қаланың тынысы, қарапайым халықтың мұңы мен қуанышы – бәрі де осы басылым бетінде өрнектелді. Газеттің әр санында – бір тағдыр, әр жолында – бір тарих. Бүгінгі биігіне жету жолында талай буын өкілдері аянбай еңбек етті.
Уақыт өзгерді, заман жаңарды. Бірақ, газеттің басты ұстанымы – шындықты айту, халыққа қызмет ету – ешқашан өзгерген емес. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани сабақтастықтың айқын көрінісі.
Мерейтой қарсаңында біз газет іргесін қалаған, әр жылдары осы ұжымда қызмет еткен қаламы қарымды, ойы озық әріптестерімізбен жүздесіп, өткенге көз жүгірттік.
-
Газет – менің екінші үйім еді, – дейді алғашқы жылдардың куәгері Баян Төкенқызы. — Ол кезде мүмкіндік аз, талап жоғары болатын. Бірақ, әр мақала жүректен шығатын. Газет шыққан күн біз үшін мереке еді.
Кейде адам өмірінде бір жұмыс орны жай ғана еңбек еткен жер емес, тұтас бір тағдыр кезеңіне айналады. Мен үшін газет дәл сондай қасиетті мекен болды, — деп Баян Тиыштықбаева өз әңгімесін өрбітті.
– Газетке келу жолыңыз қалай басталды?
-
Газетке мені әріптесім, ұзақ жылдар бойы мектепте бірге қызмет еткен Алтын Зәрубайқызы алып келді. Ол кісі сенім артты, шақырды. Сол сәттен бастап менің өмірімде жаңа белес басталды. Білім саласынан ақпарат айдынына бет бұру оңай шешім емес еді, бірақ, жүрегіммен қабылдадым.
– Редакциядағы күндеріңіз есіңізде ме?
-
Ия, ол күндерді қалай ұмытасың… Әр күнім қарбаласқа толы болатын. Бірақ, сол қарбаластан шаршамайтынмын. Керісінше, шабыт алатынмын. Жұмысқа асығып жететінмін. Газет тіршілігі тірі ағза секілді: үнемі қозғалыс, үнемі ізденіс. Бұл орта мені өзіне баурап алды.
– Газет сізге не үйретті?
– Бұл жер мен үшін үлкен өмір мектебі болды. Ең алдымен цифрландыруды меңгердім, ақпаратпен жұмыс істеуді үйрендім. Мен адамдарды тыңдауды, олардың ойын түсінуді, сұрақ қоюды, келіссөз жүргізуді үйрендім. Әр мақала – жауапкершілік, әр сөз – салмақ екенін сезіндім. Төзімді болуды, сабыр сақтауды, эмоцияны бақылауды осы жерде үйрендім.
Апта бойы тер төгіп, жұма күні газетті «жабу» – өз алдына бір жеңіс секілді еді. Ал дүйсенбі күні жаңа нөмір, жаңа тақырып, жаңа міндеттер қайта басталатын. Осы қайталанбас ырғақ маған қатты ұнайтын.
– Редакцияда қанша жыл еңбек еттіңіз?
– Газетте шамамен он жылға жуық уақыт жұмыс істедім. Бұл – өмірімнің ең мазмұнды, ең есте қалар кезеңдерінің бірі.
– Сол жылдардан ең алдымен не еске түседі?
– Ең алдымен – ұжым. Бір-біріне тірек бола білген, бір мақсатқа жұмылған адамдар. Атап айтатын болсақ, Айгүл Байпелова – редакцияның жүрегі, ұйытқысы болатын. Ян Маркин – ерекше еңбекқор, ашық мінезді жігіт еді. Бухгалтер Сәуле Садықова әрқашан көңілді жүретін. Өзімнің оқушым болған Мөлдір – бәрі де жылы жүзді, шынайы жандар. Осындай ортада жұмыс істеу – үлкен бақыт.
– Басшылық туралы не айтар едіңіз?
– Алтын Зәрубайқызы – нағыз кәсіби маман. Сырттай қатал көрінгенімен, әділ басшы болды. Бізді оқырман алдында әрдайым қорғай білетін. Ұжымын сақтай алатын, жауапкершілікті сезіне білетін басшы ретінде әрдайым құрметтеймін.
– Газеттің мерейтойына тілегіңіз қандай?
– Газеттің төл мерекесі құтты болсын! Осындай басылымның бар екеніне алғыс айтамын. Журналистердің қаламы мұқалмасын, ойы өткір, сөзі шын болсын. Ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп келе жатқан Айгүл Байпеловаға осы редакциядан абыроймен зейнетке шығу бұйырсын. Барша ұжымға шығармашылық табыс, бірлік пен тұрақтылық тілеймін.
– Қазір газетпен байланысыңыз сақталған ба?
– Иә, байланыс үзілген жоқ. Алтын Зәрубайқызымен, Айгүл Сағынтайқызымен хабарласып тұрамын. Бұрынғы қызметкерлерді ұмытпай, құрмет көрсетіп отырғандарыңызға ризамын. Қазір Астанада тұрсам да, өзімді Қаражалдың, осы газеттің бір бөлшегі санаймын. Өйткені, жүрегімнің бір түкпірі осы редакцияда қалды.
– Жас буынға қандай тілек айтсасыз?
– Жас журналистерге айтарым – әр сөздің салмағын сезініңіз, әр мақала жүректен шықсын. Шындықты айтудан тайынбаңыз, ақпаратқа жауапкершілікпен қараңыз. Қаламыңыз өткір, ойыңыз терең, сөзіңіз адал болсын. Жаңалыққа құштар болыңыз, әр кездескен оқиға сізге тәжірибе мен шабыт сыйласын. Ең бастысы – шығармашылықтан қорықпаңыз, ізденістен жеңіл жол іздемеңіз, әрі әрдайым қоғамға қызмет ететін журналист ретінде биік тұрыңыз!
– Егер уақыт қайта оралса, тағы да осы газетті таңдар ма едіңіз?
– Еш ойланбастан, иә. Дәл сол ұжымға, дәл сол ортаға қайта барғым келер еді. Себебі, ол жер маған тек мамандық емес, өмірлік тәжірибе мен адами құндылықтар сыйлады.
25 жыл – өткенге тағзым, бүгінге тәубе, ертеңге сенім. Бұл мерейтой – тек редакция ұжымының ғана емес, осы газетті оқып, қолдап келген барша оқырманның ортақ қуанышы.
Алда алар асу, шығар биік әлі де көп. Қаламы мұқалмай, сөзі салмақты, үні биік басылым бола беру – баршамыздың ортақ тілегіміз. Газет жасай берсін. Тарих сөйлей берсін. Шындықтың шамы сөнбесін.
Сұхбаттасқан Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ.
