Өткен ай – мейірім мен рақымның айы болды. Бұл кезең — қайырымдылық жасап, қолдауды қажет ететін жандарға қарайласудың ең қастерлі мүмкіндігі. Осындай игілікті ниетпен «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы жанынан құрылған, өндірісте еңбек етіп жүрген жас пен кәріні біріктірген «Өндіріс волонтерлері» тағы да елдің алғысына бөленерлік іс атқарды. Олар өткен Рамазан айында «Рамазан қоржыны» атты дәстүрлі қайырымдылық шарасын өткізіп, тура Айт мейрамы күні кенттегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған 20-дан астам отбасыға азық-түлік толы қоржын үлестірді.
Волонтерлер әр үйдің табалдырығын аттағанда, оларды қуаныштан толқыған көздер, үмітпен күткен жүздер қарсы алды. Азық-түліктің ең қажетті түрлері салынған қоржындар тек материалдық көмек болумен шектелмей, жақсылыққа деген сенім мен жүрек жылуын сыйлады. Әсіресе, жалғызбасты қарттар мен көпбалалы аналардың ризашылығы волонтерлердің бойына ерекше күш-қуат беріп, олардың атқарып жүрген жұмысының қаншалықты маңызды екенін тағы бір дәлелдеді.
Өндіріс волонтерлері — қалыпты күндерде үнемі жиналып, түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүретін ұйым. Олар біреудің мұңын бөлісуді, қиындыққа тап болған жанға демеу болуды азаматтық парыз деп біледі. Әр отбасыға барған сайын олар тек қоржын тапсырып қана қоймай, отбасы жағдайын тыңдап, қандай көмек қажет екенін, қандай мәселелер алаңдатып жүргенін сұрап, ықыласпен әңгімелесіп қайтады.
Айт мерекесінде көрсетілген қамқорлықтың мәні тіпті ерекше болды. Бұл жолғы қайырымдылық шарасына кент тұрғындары да жан-жақты қолдау көрсетіп, жыл сайын дәстүрге айналған бұл игі істің ауқымын кеңейтуге атсалысты. Кәсіподақ ұйымы шараны ұйымдастыруда белсенділік танытып, ал волонтерлер болса әрбір қоржынды дайындаудан бастап, оны жеткізіп беруге дейін зор жауапкершілікпен қарады.
Қайырымдылық – адамның жүрегін тазартатын, қоғамды біріктіретін ұлы құндылық деген түсінік бұл шара барысында анық сезілді. Үй аралап жүрген волонтерлер бір сәтке де шаршамады, өйткені, әрбір отбасының шынайы алғысы, риза көңілі олардың еңбегіне деген үлкен марапат болды. Бірі «осындай күнде ескеріп, көңіл бөлгендеріңізге рақмет» десе, енді бірі «сауапты ісіңіз еселеп қайтсын» деп батасын беріп жатты.
Рамазан айы — тек ораза ұстайтын кезең ғана емес, ең алдымен жүректер жұмсаратын, адамдар бір-біріне жақындайтын уақыт. Өндіріс волонтерлері дәл осы бірлік пен мейірімділіктің жарқын үлгісін көрсетті. Олар үшін қайырымдылық бір айлық міндет емес, жыл бойына жалғасатын жүректен туатын игі амалы.
Айт мейрамында таратылған Рамазан қоржындары — материалдық көмектен бөлек, үлкен рухани қолдау. Бұл — «Жәйрем комбинаты» жұмыскерлерінің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті, адамдарға деген жанашырлықты жоғары қойып отырғанының бұлтартпас дәлелі.
Осылайша, Рамазан айы кентте мейірімге толы жақсы жаңалықпен қорытындыланды. Ал «Өндіріс волонтерлері» болса алдағы уақытта да мұқтаж жандарға көмек көрсетуді жалғастырып, ел ішіндегі жақсылықтың көп болуына өз үлестерін қоса бермек.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА
