Замана қанша өзгерсе де, техникалық прогресс қаншалықты дамыса да, жұмысшы мамандықтардың маңыздылығы кеміген емес. Себебі өндірістің негізі – адам еңбегі. Ал сол еңбектің басты иесі – жұмысшы.
2025 жылдың елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы – осы салаға деген мемлекеттік деңгейдегі құрмет пен қолдаудың айқын дәлелі. Бұл – кәсіби білімге, техникалық сауаттылыққа және нақты өндірістік қабілетке негізделген болашақтың бастауы.
Электрик, механик, дәнекерлеуші, құрылысшы, аспаз – бұл мамандықтар көзге көп көрінбегенімен, қоғамның күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін тіректер. Оларсыз зауыт та, қала да, ауыл да дами алмайды. Жұмысшы – тек қолмен жұмыс істейтін адам емес, ол – тәжірибені технологиямен ұштастыра алатын маман.
Бүгінгі таңда елімізде дуалды оқыту, өндірістік тәжірибе, кәсіптік бағдар беру сияқты тиімді тетіктер іске асуда. Мұның бәрі – жастарды нақты еңбекке бағыттаудың, жұмысшы мамандығын таңдауға ынталандырудың жолдары. Себебі еңбек адамы – құрметке лайық тұлға.
Қоғамның алға басуы – жұмысшыға деген көзқарастан басталады. Бұл тек бір жылмен шектелмейтін, ұзақмерзімді құндылық қалыптастырудың бастауы. Сондықтан бүгінгі басты міндет – еңбек адамына лайықты жағдай жасау, оның қоғамдағы беделін арттыру.
Бойцун Вера Викторовна
Құқық қорғау органдарының ардагері