Қазіргі еңбек нарығында теориядан гөрі тәжірибе басты орынға шықты. Қолмен нақты жұмыс істей алатын мамандарға деген сұраныс барлық салада байқалады. Бұл үрдіс – уақыт талабы. Сол себепті жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру – бүгінгі күннің басты бағытына айналды.
Жұмысшы – бұл зауыттағы оператор, құрылыс нысанындағы тас қалаушы, өндірістегі дәнекерлеуші, көліктегі механик, жолдағы жүргізуші. Олардың біліктілігі мен жауапкершілігі – күнделікті тіршіліктің сапасына тікелей әсер етеді.
Жұмысшы мамандықтар жылы – осы бағытта нақты қадамдар жасауға, кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға, еңбек адамының беделін арттыруға бағытталған бастама. Бұл – жай мерекелік атау емес, қоғамдағы нақты қажеттілікке берілген жауап.
Колледждер мен техникалық оқу орындары еңбек нарығына қажетті кадрларды дайындауда басты рөл атқарады. Заманауи оқу құралдары, дуалды оқыту жүйесі, өндірістік тәжірибе – жұмысшының кәсіби сапасын анықтайтын басты факторлар.
Жұмысшы болу – бұл нақты маман иесі болу. Жұмысшыны қолдау – елдің өндірістік әлеуетін көтеру деген сөз. Бұл жыл – сол шынайы еңбекке деген нақты қолдау уақыты.
Оспанова Замзагуль Кажмукановна
Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы