Қазақстанда жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы – қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін арттыруға, кәсіби-техникалық білімнің рөлін күшейтуге бағытталған маңызды бастама. Бұл жыл еңбек нарығының жаңа талаптарына бейімделген білікті кадрлар даярлауға, өндірістік салалардың әлеуетін арттыруға және жастардың жұмысшы кәсіптеріне деген қызығушылығын жандандыруға серпін бермек.
Қазіргі таңда ел экономикасының тұрақты дамуы тікелей кәсіби мамандардың сапасына байланысты. Инженер, дәнекерлеуші, құрылысшы, энергетик, механизатор сияқты көптеген жұмысшы мамандықтар өндірістің негізін құрайды. Осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсету – мемлекет тарапынан еңбек адамына деген айрықша қолдаудың белгісі.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы байланыс нығайып, дуальды білім беру жүйесі кеңінен қолданысқа енуде. Бұл – студенттердің теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, еңбек нарығына дайын маман ретінде шығуына мүмкіндік береді.
Аталған бастама еңбек адамының беделін арттырумен қатар, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына жаңа серпін береді. Жұмысшы мамандықтарына жастарды тарту – Қазақстанның болашағын құру жолындағы маңызды қадам.
Еңбек – әрқашан құндылық. Жұмысшы мамандықтар жылы – осы құндылықты дәріптеп, қоғамда лайықты орынға қоюдың айқын көрінісі.
Жуманбаева Мереке Рахимбаевна
Қаражал қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы