Жұмысшы мамандықтар жылы – еңбек қадірі мен кәсіби дағдының маңызын арттыру 

Қазақстанда 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, өндірістік саладағы білікті еңбекке жаңа серпін беруді мақсат етуде. Бұл бастама – ел экономикасының тұрақты дамуы мен индустриялық әлеуетін нығайтудың, сондай-ақ еңбек адамының қоғамдағы беделін көтерудің маңызды құралы.

Жұмысшы мамандықтары – ұлттық өндірістің негізі, жаңа технологияларды енгізудің басты тетігі. Осыған байланысты кәсіби-техникалық білім беру жүйесін жетілдіру, дуальды оқыту бағдарламаларын кеңейту, жас кадрларды ынталандыру және еңбек өнімділігін арттыру шаралары жүзеге асырылуда.

Аталмыш жыл шеңберінде кәсіпорындарда заманауи құрал-жабдықтарды меңгерген жұмысшылардың үлесін арттыру, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру, үздік мамандардың тәжірибесін насихаттау көзделген. Сонымен қатар, еңбек адамының қоғамдағы рөліне жаңаша көзқарас қалыптастыру – «Жұмысшы мамандықтар жылының» негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Бұл бастама елдің экономикалық даму стратегиясымен және «Қазақстан – 2050» бағдарламалық мақсаттарымен үндес, өйткені кәсіби біліктілігі жоғары жұмысшы кадрлар – индустриялық өрлеудің шешуші күші.

 

Сатанов Жанат Рахымжанович

Қаражал қаласы мәслихаты аппаратының басшысы