Жұмысшы еңбегі – мемлекеттің басты ресурсы

Қоғамның дамуы мен мемлекеттің тұрақтылығы ең алдымен адам еңбегіне, соның ішінде жұмысшы мамандардың қажырлы қызметіне тікелей байланысты. Еңбек адамы – экономикалық жүйенің өзегі, ұлттық байлықтың негізгі қайнар көзі. Сондықтан да жұмысшы еңбегін мемлекет дамуының басты ресурсы ретінде қарастыру – уақыт талабы.

Бүгінде Қазақстан экономикасының жаңа бағыты – индустриялық-инновациялық даму, өңдеуші өнеркәсіп пен өндірістік секторды жандандыру. Бұл міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін жоғары білікті, тәжірибелі және жауапты жұмысшы кадрлар қажет. Ең озық технология мен заманауи құрал-жабдықтардың тиімділігі адам еңбегінің сапасына байланысты екені сөзсіз.

Жұмысшы еңбегі – материалдық өнім шығарумен қатар, әлеуметтік тұрақтылықтың да кепілі. Өндіріс орындарында еңбек ететін азаматтардың адалдығы мен табандылығы елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Олар – мемлекеттің нақты күшін көрсететін тірек тұлғалар.

Мемлекет жұмысшы еңбегін қолдау және кәсіби даярлықты жетілдіру бағытында бірқатар жүйелі шаралар атқаруда. Техникалық және кәсіптік білім беру саласы жаңартылып, жұмысшы кадрларды даярлау халықаралық стандарттарға сай жүргізілуде. Дуалды оқыту жүйесі еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделіп, жас мамандардың тәжірибесін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Жұмысшы еңбегінің қадірін түсіну – қоғам мәдениетінің көрсеткіші. Бұл – тек экономикалық немесе әлеуметтік ұстаным емес, рухани құндылық. Әрбір өндіріс орнының табысы артында қарапайым еңбек адамының маңдай тері, жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігі жатыр.

Мемлекеттің басты капиталы – табиғи байлық емес, адам еңбегі. Сондықтан еңбек адамына құрмет көрсету, оның кәсіби әлеуетін дамыту және мәртебесін арттыру – Қазақстанның стратегиялық даму бағытының өзегіне айналуы тиіс.

Сатанов Жанат Рахымжанович

Қаражал қаласы мәслихаты аппартының басшысы