Жұмысшы еңбегі – елдің өркендеу жолындағы басты құндылық

Қазіргі өркениет кезеңінде қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұлттық экономиканың тұрақтылығы ең алдымен еңбек адамының кәсіби біліктілігіне және өндірістегі орнықты үлесіне тәуелді. Жұмысшы мамандықтары – тек материалдық игіліктерді өндіруші күш қана емес, сонымен бірге мемлекеттің индустриялық-инновациялық әлеуетін айқындайтын стратегиялық ресурс.

Жаһандану жағдайында еңбек нарығы түбегейлі өзгерістерге ұшырап, технологиялық жаңғыру жаңа талаптар қойып отыр. Мұндай жағдайда жұмысшы кадрлардың құзыреттілігі мен кәсіби деңгейін арттыру – ел дамуының шешуші факторы. Өндірістік сектордың тиімділігі мен инновациялық серпінінің басты кепілі – заманауи білім алған, тәжірибемен шыңдалған, жоғары жауапкершілікке ие жұмысшы мамандар.

Мемлекеттік саясат тұрғысынан алғанда, жұмысшы еңбегін қолдау – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің де, қоғамдағы еңбек мәдениетін нығайтудың да негізгі тетігі. Еңбек адамының мәртебесін көтеру арқылы жас ұрпақтың бойына кәсібилікке, табандылыққа және адал еңбекке деген құрмет дарытылып, ұлттың рухани жаңғыруына үлес қосылады.

Осылайша, жұмысшы мамандықтарын дамыту тек экономикалық қажеттілікпен шектелмей, елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясымен сабақтасып жатыр. Өндірістегі адал еңбек пен кәсіби шеберлік – Қазақстанның өркендеуіне негіз болатын басты құндылық, ал еңбек адамы – осы жолдағы ең маңызды тұлға.

 

Такибаев Арынгазы Шакирович

Қаражал қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы