Жұмыспен қамту — басты назарда

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков облыстық аппарат жиынында өңірдегі жұмыспен қамту бағытында жүргізіліп жатқан шаралардың үйлестіру деңгейін сынға алды. Жиында көтерілген басты мәселе – жұмыссыздықпен күрес және осы бағыттағы атқарушы органдардың өзара іс-қимылының жеткіліксіздігі.

Облыс басшысының айтуынша, өңір тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік жоқ емес – мемлекет тарапынан тиісті жобалар мен қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен, бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мен үйлестіру жағы кемшін түсуде.

– Бақылау жеткілікті деңгейде емес. Әсіресе, нақты көрсеткіштер мен тапсырмалардың орындалуына салғырт қарау байқалады. Жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес бірқатар басқармалар жұмысты толық атқармаған, – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Жиын барысында облыс әкімі жұмыспен қамту саласына жауапты басқармаларға нақты міндеттер қойды. Атап айтқанда, 1 қыркүйекке дейін Жұмыспен қамту картасы аясындағы барлық көрсеткіштерді орындап, жүйеге толық әрі шынайы ақпарат енгізуді тапсырды.

– Экономиканың даму деңгейін көрсететін маңызды индикатор – жұмыссыздық. Бұл мәселені шешпей, халықтың әл-ауқатын жақсарту туралы айту қиын. Сондықтан, іске асырылып жатқан жобаларды пайдаланып, жұмысты жандандыру қажет, – деп нақтылады аймақ басшысы.

Әкімнің тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы өңірдегі кәсіпорындармен өзара келісімге келіп, қысқамерзімді оқыту жобаларын әзірлеу бойынша ұсыныс енгізуі қажет. Бұл – жергілікті тұрғындарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытып, кейін сол кәсіпорындарда жұмысқа орналастырудың тиімді жолы болмақ.

Сонымен қатар, қоғамдық даму басқармасына кірістер департаментімен бірлесіп, жұмыс берушілер арасында зейнетақы аударымдары жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу тапсырылды. Бұл шараның мақсаты – көлеңкелі еңбек қатынастарын азайтып, азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысуын қамтамасыз ету.

Жиында айтылған сын мен жүктелген міндеттер – өңірдегі әлеуметтік-экономикалық саясаттың маңызды бөлігі. Жұмыспен қамту – тек экономикалық емес, әлеуметтік тұрақтылықты да айқындайтын фактор. Сондықтан, бұл бағыттағы әрбір қадам нақты нәтижеге бағытталуы тиіс.

Ұлытау облысында жұмыссыздықпен күрес және еңбек нарығын дамыту жұмыстары бақылауда қала бермек. Ал, жергілікті басқармалар үшін ендігі кезең – тапсырмаларды орындап, халық сенімін ақтау.