«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ өз қызметкерлерінің әл-ауқатына ерекше көңіл бөледі. Бұл тек сөз жүзінде емес, нақты істермен дәлелденіп отыр. Бұған дейін өндірістік алаңдарға «Живая вода» су сүзгіш аппараттары орнатылған болса, енді комбинатта жұмыс істейтін әрбір адамға және мердігер ұйымдардың жұмыскерлеріне күніне екі рет тегін оттегі коктейлі ұсынылуда. Коктейльді жергілікті аурухананың медициналық қызметкерлері әзірлеп, ұсынады. Бұл бастама – өндірісте еңбек ететін жандардың денсаулығын сақтау мен өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Өндірістік ортада жұмыс істеу – үлкен күш пен төзімділікті талап етеді. Жабық цехтарда немесе шаңды аймақтарда ағзада оттегі жетіспеуі мүмкін. Мұндай жағдайда оттегі коктейлі – ағзаға қажетті демеу. Ол шаршауды азайтады, көңіл-күйді көтереді, иммунитетті күшейтеді және жүрек пен қан тамырларының жұмысын жақсартады.
Оттегі коктейлі алғаш рет өткен ғасырдың 60-жылдарында Кеңес Одағында ойлап табылған. Бүгінде ол медициналық және профилактикалық салаларда кеңінен қолданылады: гипоксияны емдеу және алдын алу, жүрек-қан тамырлары ауруларының профилактикасы, тыныс алу жүйесі ауруларының кешенді терапиясы, теріні жасарту, жаттығулар кезінде төзімділікті арттыру, бұлшықеттерді қалпына келтіруді жеделдету, иммунитетті нығайту, стресс деңгейін төмендету және ағзаның жалпы тонусын көтеру.
Комбинаттағы жаңа бастама туралы жұмыскерлер мен медицина қызметкерлерінің пікірін білдік. Гүлнаш Дюсенбаева, полиметалл байыту фабрикасының маманы:
— Цехта жұмыс ауыр, шаң көп. Коктейльді ішкеннен кейін жеңілдік сезіледі, шаршау азаяды. Бұл бастама біз үшін үлкен қамқорлық деп ойлаймын.
Анна Некрасова, комбинаттың медицина қызметкері:
— Оттегі коктейлі ағзадағы оттегі жетіспеушілігін азайтады, иммунитетті күшейтеді. Біз оны күніне екі рет ұсынамыз. Тұрақты қабылдау денсаулыққа оң әсер етеді, әсіресе, өндірістік ортада. Кейбір жұмыскерлер түсінбей оттегі коктейлін ішкілері келмейді. Ол өте үлкен қателік.
Оттегі коктейлін іздеп жүріп ішу керек. Оттегі коктейлін тұрақты түрде қолдану нәтижесінде қан айналымы жақсарады, тері сергектенеді, ұйқы сапасы артады, шаршау төмендейді, физикалық және интеллектуалдық белсенділік күшейеді.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-ның бұл бастамасы – жұмыскерлердің денсаулығына деген шынайы қамқорлықтың көрінісі. Еңбеккерлердің пікірінше, оттегі коктейлі олардың жұмыс қабілетін арттырып, көңіл-күйін жақсартады. Ал медицина қызметкерлері бұл сусынның профилактикалық маңызы зор екенін атап өтеді.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.
