Жұмыскер қуанышы — біздің де қуанышымыз

2025 жылдың 4 мамыры күні Амман (Иордания) қаласында бокстан өткен U-15 жасөспірім қыздар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан Республикасының жасөспірім қыздар құрама командасының сапында өнер көрсетіп қана қоймай, жүлделі ІІІ орынды иеленген, Жәйрем кентінің кішкентай қайсар қызы Айару Файзуллаеваны және оның бапкері Рымғали Мұздыбаевты «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықов қабылдады.

Өндіріс басшысы кішкентай былғары қолғап шеберін жылы қабылдап, шын жүректен құттықтап, ақ тілегін жеткізіп, Айару қызымызға да, бапкері Рымғали Мұздыбаевқа және ата-анасына Алғыс хат пен ақшалай сертификаттар табыстады.

Осы уақытқа дейін талай жеңістерімен қуантып жүрген Айару Файзуллаеваның әкесі Манарбек Файзуллаев «Жәйрем» кенішінде бұрғылау қондырғысының машинисі болса, анасы Әйгерім Қожахметова Көліктер цехының диспетчері. Көп балалы отбасы.

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да еңбек ететін Файзуллаевтар әулетінің кішкентай бұрымды қыздары былғары қолғап киген күннен бастап, әкенің де, ананың да қобалжулары болғаны жасырын емес. Оған басты себеп — аталған спорт түрінің қыз балаға аса қатты тән еместігі.

Әйгерім Қожахметова, чемпион анасы:
– Қызым Айару боксқа 8 жасынан бастап барды. Көрші құрбы қыздарымен еріп, қызықтап барған қызымызға біз тосқауыл болмағанмен, аздап қобалжығанымыз жасырын емес. Қазірдің өзінде спорттың бұл түрін тастағанын қалаймыз. Алайда, баламның әр жарыстағы жетістіктері оны тоқтатар емес. Жарыста жеңіске жеткен сайын жігерлене түсетін сияқты. Айару жарысқа кеткен сайын үйде отырып тақымымызды қысып, тілеуін тілеп отырамыз.

Бапкері Рымғали Мұздыбаев алдынан талай мықты чемпион шығарған ауылымыздың мақтан тұтарлық азаматтарының бірі. Жолдасым Манарбек екеуміздің алты баламыз бар. Тұңғышымыз Нұрбек кіші сыныптарда күреске қатысқан. Кейіннен спорттан мүлдем кетті. Айару екінші балам. Одан кейінгі қызым Айбибі де әпкесіне еріп боксқа барып жүр. Кейінгі үш балам әлі кішкентай. Жолдасым да жас кезінде спортпен әуестенгенмен, қазіргі таңда өндірісте еңбек етеді.

Бүгін міне, біз еңбек ететін «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықов мырза да қуанышымызға ортақтасып, арнайы шақыртып сый-құрметін көрсетуде. Бұл ол кісінің жұмыскер қуанышына ортақтасуы және жас спортшыларды қолдауы деп білемін, – дейді аяулы ана.

Рымғали Мұздыбаев, бапкері:
– Айару Файзуллаева маған осыдан үш жыл бұрын, 3-сыныптың соңында келді. Бойында жігері бар, болашағынан үлкен үміт күттіріп отырған жас спортшы. Бүгінгі таңда бокс спортының шеберіне кандидат. Жақын күндері тағы да бір атақ күтіп отырмыз. Жаттығудан ешқашан қалмайды. Қатысқан жарыстарымыздан қанжығамыз бос келіп жүрген жоқ. Аллаға шүкір, өз елімізден ғана емес, шетелде болып жүрген тартыстарда да биіктен көрініп жүрміз.

Оған осы соңғы рет Амман (Иордания) қаласында бокстан өткен U-15 жасөспірім қыздар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан Республикасының жасөспірім қыздар құрама командасының сапында өнер көрсетіп алған ІІІ орнымыз дәлел. Осы жеңістен кейін жаттығу жұмыстары өте қарқынды жүруде. Жақын күндері Өзбекстанға оқу-жаттығу жиындарына барып, өзбек ағайындармен бірге дайындаламыз. Одан кейін Шымкент қаласына жаттығу жиынына кетеміз.

Жалпы, спорттың берер тәрбиесі өте жоғары. Әрине, бокс спорты — спорттың ең қиын және жауапкершілігі өте жоғары түрі. Алайда, соңғы кездері қыз балалардың қызығушылығы басым. Қазіргі таңда алдымда 20 шақты қыз бала жаттығады. Бәрі де ер мінезді, өжет қыздар.

Осы уақытқа дейін Виолетта Князева деген қызымыз 9 жыл дайындалып, қаншама биіктерді бағындырып еді, кейінгі кезде денсаулығына байланысты уақытша жаттығуды тоқтатты. Соңғы кездері елімізде бокс спортына ерекше ден қойылып, чемпиондарға жеңілдіктер қарастырылған. Егер Қазақстанның үздік үштігіне кірсеңіз, арнайы шәкіртақы тағайындалады және де ол шәкіртақы жеткен жетістігіңе қарай өсе береді. Аталған шәкіртақыны алып отырған қыздарымыз бар, – деді бапкер.

Жұмыскердің әрбір қуанышына ортақтаса білетін «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ басшылығына, оның ішінде Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықовқа ризашылығымызды білдіреміз. Осының алдында Мәскеу қаласында болған бокс жарысында Айару қызымыз алтын иеленіп келіп бір қуантқан. Жәйремдік спортшыларымыздың жеңісті күндері көп болғай!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ төрағасының орынбасары.