Жұмыс сапасы – қатаң бақылауда

Қаражал қаласының әкімі Тілектес ДОСАЕВ Жәйрем кентіне жасаған кезекті жұмыс сапары аясында елді мекеннің келбетін келісті түрге енгізіп, тұрғындар сұранысын өтеу бағытында қолға алынған құрылыс нысандарында болып, жұмыстың қарқыны мен сапасын бағамдады.

Нақтылай түссек, өңір басшысы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ, жаңадан салынып жатқан бірқатар нысандарда – көлік жолдарына асфальт төсеу, балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын салу, көшелерді абаттандыру мен жарықтандыру секілді құрылыс нысандарында болды.
Олардың әрқайсысында сол нысандағы жұмыстың кестеге сай әрі сапалы жүргізілуіне жауапты қалалық мәслихат депутаттары мен жергілікті қауымдастық мүшелерінің атқарылған іс ауқымына қатысты пікірлеріне мұқият құлақ түрді. Тиісінше, құрылысты салушы мердігер ұйымдардың басшылары тиянақталған жұмыстар көлемімен таныстырып, туындаған мәселелер туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Сол жерде көтерілген мәселелерді қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешу жолдары қарастырылып, қала басшысы жауапты тұлғаларға кедергілерді еңсеріп, істі жедел жолға қоюға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Құрылыс нысандарындағы жұмыстың бекітілген кестеге сай жүргізіліп, сапалы деңгейде орындалуын мандат иелері мен жергілікті қауымдастық мүшелері тұрақты бақылауда ұстай беретін болады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.