Жұмыс барысымен танысты

Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов өңірді аралап, аймақта атқарылып жатқан жұмыстармен танысуын жалғастыруда. Өткен аптада шаһар басшысы Қаражал-Жәйрем өңіріндегі бірқатар нысандарда болып, істің барысын бағамдап, тиісті мамандарға нақтылы тапсырмалар берді.

Ақтай ауылында
Қала әкімі Айқын Елеусізов өзінің жұмыс сапарын Ақтай шағын ауданында орналасқан № 6 орта мектебінен бастады. Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш білім ошағында жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың маусымында басталған болатын. Мердігері – «ART-Construction Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Бүгінгі таңда жұмыстың 85 проценті орындалған. Оқу жылы басталғанға дейін мектептің 2-қабатының ішкі жұмыстары, кәріз жүйесі аяқталды.
Әкім мердігерге құрылыс жұмыстарының қарқынын арттыруды тапсырды.
Өз кезегінде шаһар басшысы шағын аудандағы ақсақалдармен кездесіп, елді мекеннің тіршілігі, орын алған күрделі мәселелер мен оларды шешу жолдары жайлы пікірлесті.

Жәйрем кентінде
«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тәсілді ұстанған қала әкімі Айқын Елеусізов өңір жұртшылығымен жүздесуді де ұмытқан емес. Ана жолы Қаражал қаласының ақсақалдарымен кездесіп, келелі әңгіме құрған еді. Сондай алқалы жиын Жәйрем кентінде де болды.
Кездесу барысында қала әкімі өзін таныстырып, үлкендердің ақыл-кеңестері мен ұсыныстарын қарастыруға ашық екенін жеткізді. Ақсақалдар жаңа жұмысына сәттілік тілеп, ізгі тілектерімен қоса баталарын берді.
Айқын Елеусізов Жәйрем кентінің тұрғыны, Қаражал қаласының және Жамбыл облысы Сарысу ауданының Құрметті азаматы, тарихшы, өңірдің сыйлы ақсақалы Жақсыбай Сүлейменовтың үйінде болып, аман-саулығын біліп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-қоғамдық дамуы бойынша пікір алмасты.

Өнеркәсіп орындарында
Қала әкімі Қаражал-Жәйрем өңірінің «Марганец Жәйрем» акционерлік қоғамы мен «Жәйрем КБК» акционерлік қоғамы сынды өңірдегі екі негізгі өнеркәсіптік кәсіпорнында болды.
«Марганец Жәйрем» АҚ 2018 жылдан бастап марганец кенін өндіреді және марганец концентратын шығарады. Қызметкерлердің жалпы саны — 362 адам, оның ішінде ИТР — 97 адам.
Полиметалл кендерін өндірудің ең ірі учаскелерінің бірі «Жәйрем КБК» АҚ болып табылады. Кәсіпорын 1972 жылдан пайдалануға берілді. Негізгі қызметі — қорғасын-мырыш және темір-марганец кен орындарын біріктіретін пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу. Кәсіпорында 2013 жұмыс орны бар.
2021 жылы жұмыс істеп тұрған өндірісті жаңғырту және байыту фабрикасын салу жөніндегі инвестициялық жоба іске қосылды. Жобаға жалпы инвестиция 145 млрд теңгені құрады. Жоба 2021 жылдың 20 қазанында іске қосылды. 500-ге жуық қосымша жұмыс орны құрылды.
Қос өнеркәсіп орнында болған шаһар басшысы кәсіпорынның жұмыс тынысымен танысып, кәсіпорын басшыларымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлестері жайлы кеңесті.

Әлеуметтік нысандарда
Қала әкімі Айқын Елеусізов Қаражал қаласының әлеуметтік нысандарын да аралады. Шаһар басшысы ең әуелі Қаражал қаласының орталық ауруханасына ат басын бұрды. Бұл саладағы проблемалық мәселелер аз емес. Бүгінгі күні мамандардың, медициналық құралдардың жетіспеушілігі, қызметтік көліктің жетіспеушілігі және аурухана аумағын абаттандыру қажеттілігі күн тәртібінен түспей келеді. Бұл мәселелердің барлығын аурухана басшының міндетін атқарушы Асан Кабулов жіктеп, жіліктеп баяндады. Көмек сұрады. Айқын Елеусізов өз кезегінде аталған мәселелерді тиісті орындарға жеткізетінін айтты.
Бұдан соң әкім қаланың орталық кітапханасында болды. Кітапхана директор Тілеухор Байшукенованың айтуынша, кітапханаға оқырмандар өте көп келеді. Ересектер мен балаларға арналған шығармашылық үйірмелер мен коворкинг орталықтарының жұмысы белсенді жүргізілуде. Кітап қоры 158 мың дана кітапты құрайды. Оның 62 мыңы мемлекеттік тілдегі кітаптар. Оқырмандар саны – 4471.
Әрі қарай қала әкімі Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығы мен балалар өнер мектебінің жұмысымен танысты.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ