Жер астындағы табиғи қазба байлықтары мол, қойнауына құт дарыған қазыналы өңір – Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойын да абыроймен өткіздік. Дүбірлі той бәрімізге ортақ. Торқалы тойға Қазақстанның түкпір-түкпірінен сыйлы да қадірлі қонақтар, спортшылар, атақты әншілер мен әртістер келді. Әлбетте қаражат жағын тек билік басына артып қойып, қарап отыратын жерлес азаматтардан емеспіз. Осыған орай қаламыздың жерлестері, әрі жанашырлары жан берісіп, жан алыса атсалысты.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» атты қағиданы алға тартқан азаматтарымыз бірауыздан жиналып, қаражат жағынан асар жасағаны қатты қуантты. Әсіресе, бас демеуші «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» Өкілдігі торқалы тойға арнап, 2 автокөлік, 5 мотоцикл мен қаржылай сыйлық сертификаттарын спорттық ойындарға тікті. Сондай-ақ, «Общество инвалидов Даму Ниет 2016» ҚБ басқарма төрағасы Сайлау Әбілов мырза мәдениет жағына, яғни, әншілердің өнерін тамашалауға 5 млн.теңге аударды. Ал өзіміздің жерлестер, Ақтау елді мекенінің азаматтары, қаламыздың орта және шағын бизнес иелері, жеке кәсіпкерлерінің атынан қомақты қаржы және ту бие, қой, серке сияқты төрт түліктен жинап бергені әлбетте көңілді қуантпай қоймады. Сонымен қатар, бір ай бұрын дүбірлі тойға атсалысып, ұйымдастырушылардың басы-қасында жүрген «Ақжол» партиясының депутаты Аслан Сүлейменов пен «Ауыл» партиясының депутаты Берік Шікіров мырзалардың атын атап, түсін түстемеске болмады. Өйткені, бұл кісілер бір ай бойы таңнан кешке дейін аянбай көмектесіп, ұйымдастыру жағынан жоғары деңгей көрсеткені анық. Аты аталмаған да қаншама жерлестеріміз бен қаламызға жаны ашып, аянбай асар жағынан қалыс қалмай жүрген азаматтарымыз да аз болмады. Ең бастысы барлығымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кезде бірауыздан атсалысқаны, бұл халықтың бірлігі жарасып, татулығы артқанының айқын белгісі.
Қорытындылай келе қаламыздың абыройын асқақтатып, торқалы тойды жоғары деңгейде өткізіп, халықтың да, қаланың да беделі биіктегені анық. Ендеше, бірлігіміз әрқашан жарасып, татулықтан тайынбайық. Мерейіміз арта берсін.
Мөлдір ОМАРОВА