Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Жастар алдыңғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша өз үлесін қосып, жалындап тұр. Сондай жалынды, үздік, көшбасшы жастардың бір тобы Жәйрем кенті әкімінің «Жалын» жастар сыйлығына ие болды.
Жәйремдік үздік жастар тоғысқан шара барысында кент әкімі Қайрат Жансағымов құттықтау сөз сөйлеп, жастардың қоғамдағы рөлі мен елдің дамуына қосып жатқан үлесін ерекше атап өтіп, бір ай бойы жүргізілген үздіктердің үздігін анықтау кезеңіне көшпес бұрын кентіміздегі өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беріп жүрген бір топ ұлағатты ұстаздар марапатталды. Нақтырақ айтсақ, «Өрлеу» Білім және Ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалімен № 10 ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі Арайлым Жазыбекова марапатталса, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі шығармашылық ізденістері және Ұлытау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін № 10 ЖББМ көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ажар Махажанова Ұлытау облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталса, № 10 ЖББМ мектепалды даярлық сынып мұғалімі Ардақ Жүсіпбекова Ұлытау облысы білім басқармасының Алғыс хатын алды.
Келесі кезекте Жәйрем кентінің дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық-саяси іс-шараларға белсене қатысқаны үшін кент әкімнің Алғыс хатымен Қаражал қалалық мәслихатының депутаты, ақсақалдар алқасының төрағасы Марлан Шамбулов, жеке кәсіпкер Фаромарз Шарипов, V дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «АЛАМАН» құрақ жобасына қатысып, «КИНЭС» кітабына енгізілген Майра Торғаева, «Жаз Күз 2023» футболынан Жоғары Лига Чемпионы атанған, «Жәйрем-Казцинк» командасының мүшесі Айтбек Жанұзақов марапатталды.
Жәйрем кенті әкімінің «Жалын» жастар сыйлығы 13 номинациядан құралып, оның ішінде 9 номинация бойынша өтініштер келіп түсіп, бүгін жүзден жүйрік озған жастар сахна төріне шақырылып, құрметтелді. Нақтырақ тоқталсақ, «Жылдың үздік жас тәрбиешісі» номинациясын Дариға Ардақ, «Жылдың үздік жас оқытушысы» номинациясын Әлия Төленбекова, «Жылдың үздік жас дәрігері» номинациясын Жанниет Мадиярқызы, «Жылдың үздік жас мәдениет қызметкері» номинациясын Ақтиін Сағат, «Жылдың үздік жас өндіріс қызметкері» номинациясын Нұрсұлтан Темірболатов, «Жылдың үздік жас спортшысы» номинациясын Алмас Махажанов, «Жылдың үздік жас кәсіпкері» номинациясын Фариза Жеңісқызы, «Жылдың үздік жас волонтеры» номинациясын Айбек Мұздрапов, «Жылдың үздік жас маманы» номинациясын Гүлден Хасенова және Мағжан Жамбеков иеленді.
Сонымен қатар, Жәйрем кентіне айтулы еңбек етіп, өз үлестерін қосып жүрген азаматтар Ерлан Қарабеков пен Нұрқас Еділбаев Жәйрем кенті әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жалынды жастарға арнайы диплом мен естелік сыйлықтар және 100 мың теңгелік сертификаттар табысталды. Салтанатты шара жәйремдік өнерпаздардың мерекелік концертіне ұласты.
Жалынды жастарымыз көп болсын, еліміздің тұтқасын білікті мамандар ұстап, жарқын болашаққа нық қадаммен, үлкен сеніммен жетейік.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.