Жәйремдіктер өз таңдауын жасады

6 қазан күні еліміздің болашағы үшін айрықша мәні бар тарихи оқиға болды. Облысымызда АЭС салуға қатысты референдум жоғары деңгейде ұйымшылдықпен өтті. Мұны тұрғындар да, байқаушылар да айтып жатыр. Халықтың маңызды шешімдер қабылдауда белсене қатысуы, жауапкершілікті сезініп, ел тағдырына алаңдауы науқанның маңыздылығын дәлелдей түскендей. Атом электр станциясының құрылысын салуды азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Дауыс беру барысы демократия талаптарына сай өтті деп айта аламын.

Ұлытау облысындағы 132 референдум учаскесінде дауыс беру сағат 20.00-де аяқталды. Облысымыздың барлық аймақтарындағы сияқты Қаражал-Жәйрем өңірінде де АЭС салуға қатысты жалпыхалықтық референдум ойдағыдай өтті. Оған өңірдегі референдум учаскелері де сақадай сай әзірлікпен келді. Мәселен, Қаражал қаласына қарасты Жәйрем кентіндегі № 6 референдум учаскесінде сағат 6.00-ден 20.00-ге дейін дауыс берудің ерекше уақыты белгіленді. Референдумның басқа учаскелерінде дауыс беру сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін өткізілді. Өңірде жалпы 14 референдум учаскелері жұмыс істеді. Учаскелік референдум комиссияларының құрамында 78 мүше болды.
Ерекше қажеттіліктерге мұқтаж 32 адамға дауыс беру үшін арнайы жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі референдум заңнамасы шеңберінде жағдайлар жасалды. Оның ішінде, кресло-арбаларды пайдаланатын 13 адам, зағиптар мен нашар көретіндер 14, есту қабілеті нашар 5 адам болды. Учаскелер ашылған ғимараттар пандустармен, тұтқалармен, тиісті бұрыштармен, дауыс беруге қажетті құралдармен жабдықталды. Мүгедектер арбасын пайдаланатын адамдар үшін учаскелерде еріктілердің көмегі қарастырылды.
Жалпы, елімізде атом электр станциясын салу жөніндегі референдум ел өміріндегі айтулы оқиға болды. Халыққа Қазақстанның энергетикалық стратегиясының болашағын айқындайтын мәселе бойынша таңдау жасауға мүмкіндік берілді. Нәтижесінде халықтың көпшілігі атом электр станциясын салуға дауыс бергенін көрсетті. Бұл – энергетикалық тәуелсіздік пен тұрақты даму үшін ұзақ мерзімді шешімдердің маңыздылығын түсінудің артып келе жатқанын байқатты. Міне, осы маңызды істе Қаражал-Жәйрем өңірінің жұртшылығы да үлкен белсенділік танытты. Референдумға қатысу арқылы әрбір азамат елдің негізгі шешімдеріне ықпал ету мүмкіндігіне ие болды.
Атом электр станциясын салу туралы шешім елдің энергетикалық балансын әртараптандыруға, қазба отын көздеріне тәуелділікті азайтуға және алдағы онжылдықтарға тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, АЭС салу мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, жергілікті жұмысшылардың біліктілігін арттыруға мүмкіндіктер береді.