Жәйремде жаңғырудың жаңа белесі

Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығында өткен есептік кездесуде кент әкімі Қайрат Жансағымов 2025 жылдың ІІІ тоқсанында атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндады. Жиынға Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов, қалалық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, БАҚ өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.

Бұл кездесу кенттің даму қарқынын бағамдауға, алдағы жоспарларды талқылауға арналған маңызды алаң болды. Есепті кезеңде Жәйрем кентінің бюджеті 1 миллиард 292 миллион теңгеден асып, оның 88 пайызы тиімді игерілді. Қаражат негізінен жолдарды жөндеуге, көшелерді жарықтандыруға, сумен жабдықтау жүйесін жақсартуға және абаттандыруға бағытталды. 13 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, жалпы ұзындығы 4,82 шақырым жол жаңартылды.

Балалар ойын алаңдары мен саябақтарды күтіп ұстау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Әлеуметтік салада да оң өзгерістер байқалады: 10 ай ішінде жұмыспен қамту орталығына 138 адам жүгініп, олардың 47-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Жастар тәжірибесі мен қоғамдық жұмыстарға қатысушылар саны артты. Атаулы әлеуметтік көмек бойынша 7 отбасы тіркелді.

Кент әкімдігі 329 мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде тұрғылықты мекенжай анықтамасы, пеш жағатыны туралы анықтама және көпбалалы аналарды «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларына ұсыну құжаттары бар. Абаттандыру бағытында жыл бойы 27 балалар ойын алаңы, 6 жаттығу алаңы және 10 спорт алаңы күтіп ұсталуда. «Жастар» және «Жеңіс» саябақтары жаңартылып, 8000 дана гүл отырғызылды.

Сонымен қатар, 2000 метр қоршау орнатылып, кіреберіс арка мен алғашқы ашушылар саябағының жобалары дайындалды. Кент көшелеріне 106 жарық шамы орнатылып, бейнебақылау камералары мен бағдаршамдар толықтай күтіп ұсталуда. Бұл жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Жылу маусымына дайындық жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға жергілікті бюджеттен елеулі қаражат бөлініп, бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Қазандықтарды жөндеу және жабдықтауға 26 млн теңгеден астам қаржы қарастырылып, ашық конкурс нәтижесінде мердігер «Perfect design» ЖШС анықталып, 20,8 млн теңгеге келісім жасалды.

Жөндеу жұмыстары аясында үш түтін сорғыш, циркуляциялық сорғы, колосниктер және пеш жағатын орындар жаңартылмақ. Сонымен қатар, дизельді генератор сатып алу және орнату жұмыстары жүргізілуде, бұл жобаны «Жәннат» ЖК 6,4 млн теңгеге жүзеге асырады. Жылу құбырларын оқшаулау жұмыстары толық орындалды («Энергоцех» ЖК – 13,2 млн теңге), ал 7-орамдағы жылу құбырларын жөндеу жұмыстары да аяқталды («Мансур» ЖК – 4,6 млн теңге).

Аталған шаралар кент тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз етуге және алдағы қысқы маусымда тұрақты қызмет көрсетуге бағытталған. Өткен кезеңмен салыстырғанда Жәйрем кентінде барлық салада айтарлықтай ілгерілеушілік байқалады.

Әрине, шешімін күткен мәселелер жоқ деп айту артық болар еді. Жиында жанармай бекеттеріндегі бағаның бақылаусыз өсуі, ветеринариялық қызметтің ақсауы, кәріз жүйесін жөндеуден кейінгі жолдардың жағдайы, қараусыз қалған үйлер мен ғимараттарды сүру, көшеде қараусыз жүрген малдар, жастарға арналған демалыс орындарының тапшылығы сияқты проблемалар көтерілді.

Қала және кент басшылары әр сұраққа нақты жауап беріп, шешім жолдарын түсіндірді. Тұрғындар көкейіндегі түйткілді түйіндердің кезең-кезеңімен тарқатылып жатқаны да, алдағы уақытқа, жарқын болашаққа деген үміттің бар екені де анық. Жұмыстардың қарқыны мен сапасы тұрғындар тарапынан оң бағаланып отыр.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.