Жәйремде жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арыновтың Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Жәйрем кентінде жаңа өрт сөндіру бөлімі салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді.

Бұл – кент тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған маңызды нысан. Жаңа бөлімшенің ашылуы Жәйрем кенті мен оған жақын орналасқан елді мекендердегі өрт қауіпсіздігі деңгейін едәуір күшейтеді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов қатысып, жаңа бөлімшенің қызметкерлеріне заманауи қызметтік автокөліктердің кілттерін табыстады. Бұл техника төтенше жағдайлар кезінде жедел әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жұмыс сапары барысында министр өңірдегі төтенше жағдайлар саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сонымен қатар, Жезқазған қаласында жаңғыртудан өткен Жоспарлау және жедел басқару орталығының ашылу рәсіміне және Сәтбаев қаласындағы жаңа өрт сөндіру бөлімінің іске қосылуына қатысты.

Іс-шара барысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірде төтенше жағдайлар саласының материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен нығайтылып жатқанын атап өтті.

«Өткен жыл төтенше жағдайлар саласы үшін облысымызда нәтижелі кезең болды. Республика бойынша алғашқылардың бірі болып Жезқазған қаласында тікұшаққа арналған ангарды іске қостық. Сонымен қатар Қаражал мен Жезқазған қалаларында заманауи өрт сөндіру бөлімдері ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады», – деді өңір басшысы.

Жаңа өрт сөндіру бөлімінің іске қосылуы – Жәйрем кенті тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға, төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға және жедел қызметтердің жұмыс тиімділігін көтеруге бағытталған нақты қадам.