Жәйремде 11 мың ағаш отырғызылды

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ экологиялық жауапкершілікті сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеп келеді. Кәсіпорын санитарлық-қорғау аймағын көгалдандыру жөніндегі міндеттемелерін орындау аясында серіктестерімен бірлесіп, 11 000 дана ұсақ жапырақты жөке ағашын отырғызды. Бұл ауқымды экологиялық бастама 10 гектардан астам аумақты қамтып, өндіріс пен қоғам арасындағы байланысты нығайтты.

Жалпы Қазақстан Республикасының Экологиялық Кодексінің негізгі ережелеріне сәйкес қоршаған ортаны қорғауға, адамның өмірі мен денсаулығын сақтауға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, табиғатты қорғау іс-шараларына қатысуға, зиянды әсерді азайтуға, экологиялық ақпаратты таратуға, өндірістік қызметтің қоршаған ортаға әсерін азайтуға, өндірістік аймақтарда жасыл белдеулер құру арқылы зиянды әсерді төмендету жолдарын қарастыруға, санитарлық-қорғау аймағы – өндірістік нысандар мен тұрғын аймақтар арасында буферлік кеңістік құруға, яғни, жасыл желектер отырғызу, ауа сапасын жақсартуға, шуды азайтуға, шаңды ұстап қалу сияқты міндеттерді талапқа сай жүзеге асыруға міндеттіміз.

Сондай мақсаттағы жұмыстардың кезекті шарасында ағаштар «Жәйрем» кеніші мен Ескі Жәйрем арасындағы кеңістікте отырғызылды. Бұл аумақ кездейсоқ таңдалмаған – дәл осы жерде өндірістік нысандар мен тұрғын үйлердің арасы орналасқан. Сондықтан, жасыл белдеу құру – қоршаған ортаны қорғау мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ бас экологы Жанат Галиев былай дейді:

— Біз үшін бұл тек міндет емес, бұл – болашақ ұрпаққа қалдыратын аманат. Ұсақ жапырақты жөке ағашы – қатты аязға төзімді, жылдам өсетін, жаңа ортаға бейімделгіш, тығыз жапырақты тәжімен шаңды ұстап, шуды азайтатын ерекше ағаш. Бұл – өндіріс пен табиғаттың үйлесімді өмір сүруінің көрінісі.

Жәйрем тұрғындары бұл бастаманы жылы қабылдап, көгалдандыру жұмыстарына ерікті түрде атсалысты. Іске Бастауыш кәсіподақ ұйымының өкілдері, әлеуметтік қолдау бөлімінің мамандары, комбинат цехтарының қызметкерлері, жастар кеңесінің мүшелері, өндіріс волонтерлері, «Жәйрем Спорт клубы» ҚБ жаттықтырушы, бапкерлері, сондай-ақ, жергілікті үш мектептің жоғарғы сынып оқушыла ры мен әкімдік қызметкерлері жұмыла кірісті.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбәрак Кәрібаев:

— Бұрын бұл аумақ бос жатқан еді. Енді бірнеше жылдан кейін мұнда нағыз жасыл желек жайқалып тұрады. Бұл – балалардың таза ауада ойнайтын орны, үлкендердің серуендейтін саябағы болады.

Әлеуметтік қолдау бөлімінің бастығы Ақтоты Жазыбекова:

— Бүгінгі шараға шамамен 150 адам қатысты. Олардың арасында еріктілер өте көп. Солардың басым көпшілігі жергілікті үш мектептен келген оқушылар. Өскелең жас ұрпақтың мұндай шараларға келіп белсене қатысуы көңілге қуаныш ұялатады. Ағаш егіп болған соң барлық оқушыларға тәттілер мен сусындар тараттық. Үлкендер де, балалар да үлкен құлшыныспен келіп, риза болып тарқасқан керемет шара болды. Енді осы ағаштар жайқала өсіп, өндірістің ауа сүзгіші болып, айналамыз жасыл желекке оранады деп үміттенемін.

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бұл жолғы күзгі отырғызу – сол бастамалардың жарқын жалғасы. Келешекте көгалдандыру аумағы кеңейіп, жасыл белдеулер саны арта түсетініне сенім мол.

 Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.