Жәйрем комбинатының ардагерлері бас қосты

1 қазан – Қарттар күніне орай «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш кәсіподақ ұйымы жыл сайынғы дәстүрге сай, өндірістен зейнетке шыққан ардагерлерге арнап ерекше мерекелік шара ұйымдастырды. Бұл – тек құрмет көрсету ғана емес, өмірінің ең белсенді жылдарын комбинаттың дамуына арнаған жандарға деген шынайы алғыс пен ілтипаттың белгісі.

Биылғы қарттарымызға арналған мерекелік шара «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықов пен Кәсіподақ төрағасы Мүбәрак Кәрібаевтың комбинаттың жастары үлкен қарт-қариялардың үйлеріне барып құттықтауымен бастау алды. Өндіріс басшылары 86 жастағы Пионер Кәрібаев, 84 жастағы Смаил Елеусізов, 86 жастағы Жанна Алпацкаяның үйлеріне барып құттықтап, сыйлықтарын ұсынып, тілектерін айтып, ақ баталарын алып қайтты.

Әрі қарай, мереке скандинавиялық жүріспен жалғасты. Ардагерлер таза ауада арнайы таяқшалармен серуендеп, денсаулықтарын нығайтты. «Жәйрем Спорт Клубы» ҚБ жаттықтырушылары ардагерлерге скандинавиялық жүрістің қыр-сырын түсіндіріп, өздері де ата-әжелермен бірге мерекелік шеруге қатысты.

Осындай пайдалы серуеннен кейін ардагерлер «Қара жорға» және «Летка-Энька» билерін билеп, өздеріне арналып ұйымдастырылған мерекелік флешмобқа қатысты.

Бұл сәт – жастық шақтың жарқын естеліктерін еске түсіріп, көңілдерге қуаныш сыйлады. Замандастардың әзілқалжыңы, шынайы күлкісі мен бір-біріне деген ілтипаты – бұл кездесудің шынайы жылуын арттыра түсті.

Мерекелік концерттік бағдарламаны кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбәрак Кәрібаев пен комбинаттың әлеуметтік қолдау бөлімінің бастығы Ақтоты Жазыбекова ашып, ардагерлерге жүрекжарды тілектерін арнады. Одан кейін сөз алған Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Қойшыбаев, кеңес хатшысы Гүлбарам Қуанышбаева, Жастар кеңесінің төрағасы Оксана Голубинская, «Жәйрем Спорт клубы» ҚБ басшысы Мөлдір Сатжанова және «Өндіріс волонтерлері» тобының өкілдері де ардагерлерге деген алғыстарын білдіріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Концерт барысында Жастар кеңесінің өнерпаздары өз өнерлерін паш етіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ардагерлер әр ұлттың билерінен жарысып, ортада дөңгелене билеп, шын мәнінде сергіп қалды. Әзіл мен ән, би мен шынайы эмоцияға толы бұл кеш – көпшіліктің есінде ұзақ сақталары анық.

Мерекелік кеш соңында ардагерлер ашық аспан астында, таза ауа аясында ақ дастарқан басында шай ішіп, тәтті дәмнен ауыз тиіп, бір-біріне ақ тілек терін арнады. Ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып, өздеріне арнайы дайындалған тәттілер жиынтығы салынған пакеттерін алып, үйлеріне көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Аманкелді Қойшыбаев — «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Қарттар күні – бұл жай ғана күнтізбедегі дата емес, бұл – өмірінің ең белсенді, қажырлы кезеңін ел игілігіне арнаған жандарға деген құрметтің белгісі. Бүгінгі бас қосу – соның айқын дәлелі. Біз үшін ардагерлердің амандығы, олардың қоғаммен байланысын үзбеуі – аса маңызды. Жәйрем өндірісінің дамуына үлес қосқан әрбір ардагер – тарихтың тірі куәгері, өнегелі өмір иесі.

Кәсіподақ ұйымының, әлеуметтік қолдау бөлімінің және жастардың бірлесіп ұйымдастырған бұл мерекелік шарасы – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Ардагерлеріміздің жүзінен қуаныш пен ризашылықты көру – біз үшін үлкен мәртебе. Осындай кездесулер жиі өтіп тұрса, бұл – тек рухани қолдау ғана емес, үлкен тәрбиелік мәні бар іс. Барша ардагерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық тілеймін. Қатарымыз сиремей, осындай жарқын жүздесулер жалғасын таба берсін!

 Гауһар НАУРЫЗБАЕВА