Жәйрем көгінде бұлбұлдар сайрады

Жәйрем кентінде кент әкімі апаратының қолдауымен, мәдени-сауық орталығының ұйымдастыруымен Қазақ ССР халық әртісі, дарынды әнші, композитор Манарбек Ержановтың туғанына 122 жыл толуына орай «Сайра, бұлбұл!» атты I Республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті.

Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі дәстүрлі әншілер келіп, Жәйрем халқы мен қонақтарға екі күн бойы рухани дем беріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Құттықтау сөзімен байқау шымылдығын ашқан кент әкімі Қайрат Жансағымов Манарбек Ержановтың қазақ әнінің жаңғыруына, ұлттық мәдениеттің дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқауға ҚР еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері  Ғалым Мұхамедин, ҚР еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, ҚР мәдениет қайраткері Дүйсенбек Өмірәлиев, Республикалық Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі әншілер байқауының бас жүлдегері Ардақ Мұқышев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов, Мәдениет саласының үздігі Аманкелді Күзеубай, ҚР мәдениет қайраткері Толғанбай Сембаев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Серік Оспан қазылық етіп, екі күн бойы көмейлерінен жыр төгілген бұлбұлдардың өнерлерін бақылап, бағалады. Байқаудың талабына сай үш ән орындауға міндетті әншілердің жырлары бір-бірінен асып түсіп жатты. Дегенмен, жарыс болған жерде жеңіс те, жеңіліс те болуы шарт.

Әділ қазылар алқасының шешімімен Аида Темірбекова, Толқынай Мұханбетжан, Алуа Қалымбекова сынды жыршылар көрермендер көңілінен шығып, 50 мың теңге ақшалай сыйлықпен, ал Медет Осатаев, Айбат Серікхан және Мағжан Сатыбалды 150 мың теңгелік ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Бас қаламыздан келген Біржан Айтахметов III орын алып 300 мың теңге иеленсе, оңтүстік астанамыздан келген Нариман Абдрахманов ІІ орын мен 500 мың теңге, алматылық екінші жыршымыз Нұрболат Ұзақбай І орын мен 750 мың теңгелік сыйақыны жеңіп алды.

Ал негізгі жүлде, яғни бас жүлде мен 1 млн. теңге Павлодар қаласынан келген Дәуренбек Слямғалиға бұйырды.

Жүлдегерлер марапатталып болған соң барлық әншілердің қатысуымен көпшілікті дәстүрлі ән-жырымызбен сусындатқан үлкен Гала-концерт өтті.

Жалпы Манарбек Ержановты Сарыарқа өңірінде білмейтін адам кемде кем шығар. Дегенмен, дарынды жан туралы қысқаша мәліметті бере кеткенді жөн көрдік.

Манарбек Ержанов Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Әкесі күйші, зергер, ұста болған. Анасы Нақбала да әншілігімен ауыл арасына танылған. Болашақ өнер иесінің музыкаға деген құмарлығы анасының ықпалы арқылы ерте оянады. Ержановты музыка әлеміне жетелеп, оның әсем сазын көкірегіне ұялата білген ұстазы — әнші әрі күйші Күсенбай. Бұдан кейін Манарбектің әншілік шеберлігін ұштауда Шашубай Қошқарбайұлы мен Әміре Қашаубаев игі әсер етті. 16-17 жасында-ақ Ержанов Біржан сал, Ақан сері, Жарылғапберді, Естай, Шашубай әндерін айтып, ауыл арасындағы айтыстарға қатысып, ел аузына іліккен.

Қазақ драма театрында алғашқы актерлерінің бірі болды. Осы театрда қойылған спектакльдерде ойнап, сан қырлы бейнелерді сомдады. И.В.Коцыктың “Айман-Шолпан” спектакліндегі Жарас, А.Қ.Жұбанов пен Л.А.Хамидидің “Абайындағы” Әзім, М.Төлебаевтың “Біржан-Сарасындағы” Естай, т.б. рөлдері оның әншілік әрі артистік талантын кең танытып, даңққа бөледі. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде Е.Г.Брусиловскийдің опералары — “Қыз Жібектегі” Шегенің, “Ер Тарғындағы” Сақанның, “Жалбырдағы” Елеместің рөлін ойнап, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Ол 1953 жылдан өмірінің ақырына дейін Қазақ филармониясында жеке дауыстағы әнші болып, халықтық ән өнерінде кең орын алатын терме, желдірмелерді, кең тынысты әндерді нақышына келтіре орындады. Сөйтіп, ұлттық өнердегі Арқа әні дәстүрінде өз мектебін қалыптастырды. Ержанов композитор ретінде де халыққа кең танымал. Оның “Жетісу”, “Астанада”, “Батыр жорығы”, “Күсенбай”, “Өрнек”, “Шалқар көл”, “Аққу көлі” күйлері, хорға арналған “Партизан жорығы”, “28 гвардияшы-панфиловшылар”, “Жастар тойы”, “Жастар әні”, “Бейбітшілік маршы” атты шығармалары, “Паровоз”, “Амангелді”, “Бақыт жыры”, “Қуанамын”, “Қойшының әні”, “Әнші Біржанға”, “Сайра, бұлбұл”, “Шегенің термесі”, т.б. әндері бар. Музыкалық жинақтары жарық көрді. Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен, медальдермен марапатталған (деректер ғаламтордан алынды).

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА