Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді дамытуға бағытталған реформалары туралы пікір білдірді. Сенат Төрағасы «Түркістан» газетіне жарияланған мақаласында Президенттің өңірлік саясатының үш басты қағидасы ұзақ мерзімді перспективаға негізделген жүйелілік, ауқымдылық және кезеңділік екенін атап өтті.
Сенат Төрағасы еліміз Тәуелсіздіктің отыз жылы ішінде орталықтандырылған басқару нысаны бар қатаң схемадан өсіп-жетілгенін атап өтті. Бұл жүйе өзінің тарихи рөлін атқарғанымен, одан әрі дамуға кедергі бола бастады. Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, жаңа шындықтың негізгі сипаты өңірлер арасындағы экономикалық даму деңгейлеріндегі теңгерімнің болмауы, яғни тұрғындардың өмірі мен әл-ауқатындағы алшақтықтар болды.
Палата Спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды дамытуға, жергілікті жерлердегі өмір сүру деңгейін арттыруға, өңірлердің әлеуетін ашуға және облыстар мен аудандардың тұрғындарын саяси және экономикалық жобаларға тартуға бағытталған реформаларының терең мәні осы ұстанымға табан тірейтінін айтты.
«Өңірлердің дамуындағы проблемалар мен сын-қатерлер бір-бірін одан әрі ушықтырып, 30 жыл ішінде қарама-қайшы жүйеге айналды. Сондықтан шегіне жеткен жекелеген мәселелерді басқаларынан бөлек шешу әрекеттері тұрақты нәтиже бермеді. Сол себепті өңірлерді дамытудағы нақты жүйелі тәсіл Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаторлық күн тәртібіндегі маңызды тармақтардың біріне айналды. Басты қағидат: ондаған жылдар бойы қордаланған проблемалардың тамырына бірден балта шаппай, ширатылған жіпті біртіндеп тарқату еді. Бұл – өрт сөндіргендей қас-қағым сәтте нәтиже беретін дағдарыс-менеджмент емес, барлық деңгейде бүкіл проблеманы түп-тамырымен жоятын берік негізді жүйе құру деген сөз. Ұзақ мерзімді болашаққа есептеп жасалған жүйелілік, ауқымдылық және кезеңділік – Президент Тоқаевтың өңірлік реформасының үш алтын қазығы болды», – деп жазды Сенат Төрағасы.
Мақалада Президент теңгерімді аумақтық даму мәселесіне 2020 және 2021 жылдардағы Жолдауларында басымдық бергені атап өтілген. Онда бірінші кезекте өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңсіздіктерді азайтуға баса мән берілген. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл тәсілдерді 2025 жылға дейінгі Аумақтық даму жоспарында және кейін 2030 жылға дейінгі Қазақстанның өңірлік даму тұжырымдамасында бекітуді тапсырды.
