Жәбірленуші мен құқықбұзушы арасындағы медиация

«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот ісіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы, яғни, екі тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілетін келіссөз рәсімі. Демек, медиатор дегеніміз — өзара жанжалдасушы немесе дауласушы тараптардың арасында орын алған даулы мәселелерді олардың өздерін қатыстыра отырып, тараптарға тиімді жағдайда шешуді жүзеге асыратын маман.

Медиатор – «Медиация туралы» Заңның талаптарына сәйкес кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға. Елімізде қолданысқа енген Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы жаңа терминология болғанымен Қазақстанның құқық саласы үшін бейтаныс дүние емес.

Медиация — үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың, яғни, медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің тиімді тәсілі. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең кұқылығын сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады. Аталмыш Заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларды шешуге қолданылады.

Азаматтық істерді қарау аясында некені жалғастыруға, ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға, балалардың тұрғылықты жерін белгілеуге, ата-аналарының балаларды бағып-күтуге салымына қатысты ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушіліктер, сондай-ақ, отбасылық қатынастардан туындайтын басқа да келіспеушіліктер медиация арқылы шешіледі. Баламалы түрде өзара туындаған дауларды шешу тәжірибесінің негізіне, жеке адамға деген құрмет және әр адамның құқығын мойындау, олардың өз мүдделерін қорғап қалу сынды мәселелер кіреді.

Медиация, тараптардың арасында туындаған дауларды реттеп, оларды өзара келісім арқылы бітімгершілікке шақыратын, тараптардың тілектері мен мүдделерін ескеретін және бірігіп ізденудің арқасында ортақ шешімге келетін тиімді тәсілдердің бірі болып табылады.

Қорыта келгенде, медиация тәсілін пайдалану еліміздің әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттерінің қатарына қосылуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Эльмира ЖАМАУОВА,

Қаражал қалалық сот Әкімшісінің бас маманы.