Жәйремдіктердің асыға күтетін кәсіби мерекелері – Металлургтер күні қарсаңында «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ бөлімшелері арасында кәсіби шеберліктен өте тартымды сайыс өтті.
Сайыстың басты мақсаты – комбинатта корпоративтік мәдениет дәстүрлерін қалыптастыру, комбинат қызметкерлерінің еңбекке деген ынтасын және адалдығын арттыру, жұмысшы мамандықтарының беделін және қызметкерлердің кәсіби дайындық деңгейін арттыруға қызығушылығын көтеру болды.
Кәсіби шеберлік сайысының алғашқы күні Жөндеу механикалық базасының электргазбен дәнекерлеушілер өздерінің бар біліктіліктерін көрсетті. Аталған мамандардың жарысқа талапқа сай келуіне және өзі басқаратын цехта осындай жарыстың тиісті деңгейде өтуіне бақылау жасаған, яғни, ұйымдастырушы — цех бастығы Мұрат Құмарбеков келген қонақтарды қарсы алып, жарысқа қатысушы жұмыскерлеріне сәттілік тіледі.
Басқа мамандықтардағыдай дәнекерлеушілер де бірінші кезеңде теориялық сұрақтармен бақ сынасты. Екінші кезеңде трубаларды дәнекерлеп, дәнекерленіп қосылған тігістің сапасына көңіл бөлінді. Сонымен қатар, арнайы бұйымнан көлемі алдын ала белгіленген фланец кесу бойынша жарысты.
Бірнеше сағатқа созылған жарыстың нәтижесінде 6 жылдық еңбек өтілі бар Хайрбек Авдулназир І орынды, Дүйсенбай Әбішев ІІ орынды, Досбол Жақсыбаев ІІІ орынды иеленді.
Екінші күні электрик мамандығын иеленген жұмыскерлер жарысып, бірінші кезеңде теориялық байқаудан өтіп, тоққа қосылу схемасының дұрыстығы (үштік қосылым), кабельдің көлденең қимасын және жерге қосуды дұрыс таңдау, коммутациялық жабдықты таңдау және орнату, орнату сапасы (дәлдік, бекіту, қосылулар), шкафтағы таңбалау мен жазулардың дұрыстығы, қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша тартысқа түсіп, нәтижесінде «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-на жұмысқа тұрғанына бір-ақ жыл болған Нұрболат Жанас І орынды иеленсе, әріптестері Жанбота Төлеутаев ІІ орынға, Еламан Болатбеков ІІІ орынға қол жеткізді.
Жәйремдіктердің асыға күтетін кәсіби мерекелері – Металлургтер күні қарсаңында «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ бөлімшелері арасында кәсіби шеберліктен өте тартымды сайыс өтті.
Үшінші күні ашалы жүк тиегіш жүргізушілері жарысты. Теориялық байқаудан өткен жүргізушілер үш кезеңнен тұратын тәжірибелік сайысқа түсті. Бірінші кезеңде кедергілер арасынан бос бөшкелерді алып, межеленген жерге жеткізу, екінші кезеңде ашалы жүк тиегішпен баскетбол ойнау, үшінші кезекте пирамида жасау болды.
Өте қызықты өткен сайысқа кілең білікті жүргізушілер қатысты. Жарыс бар жерде жеңіс те, жеңіліс те болатыны белгілі. Бірнеше сағатқа созылған тамаша көріністің соңында І орын Полиметалл байыту фабрикасының жүк тиеушісі Батырхан Жамбылбековке, 2 орын сол фабриканың жүк тиегіш жүргізушісі, комбинатқа жұмысқа келгеніне бес-ақ ай болған Мекен Қоныровқа, 3 орын жүк тиеуші Ақтілек Бақтыбайұлына бұйырды.
Төртінші күні жарыс алаңына шөмішті жүк тиегіш және бульдозер жүргізушілері шығып, өз шеберліктерімен бақ сынасты. Теориялық білім тексерісінен өткеннен соң, бульдозер машинистері полигоннан бульдозермен өту, сіріңке қорабын бульдозермен жабу тәрізді тапсырмаларды орындап, жарысты.
Ұқыптылықты, қырағылықты талап ететін жарыс түрінен оза шауып, Азамат Ордабаев І орынды иеленсе, ІІ орынды Дархан Түйтебаев алып, ІІІ орынды 28 жыл еңбек өтілі бар, осы жарысқа қатысушылардың ішіндегі ең үлкені Жаңабай Түйтебаев місе тұтты.
«Жәйрем» кенішінің өндірістік алаңында сайысқа түскен кәсіби шеберлердің бір легі шөмішті жүк тиегіш жүргізушілері болды. Олар да теориялық білім тексерісінен сүрінбей өтіп, бульдозер машинистеріне берілген тапсырмадан өтті.
Өте қызықты өткізілген жарыстың нәтижесінде жүлделі І орынды 12 жылдық тәжірибесі бар Азамат Шоқаев, ІІ орынды Дәулет Көпжанов, ІІІ орынды Бақтыбай Әкімжанов иеленді.
Жарыстың шымылдығын теміржол цехының жол жөндеушілері жапты. Олар шпал қорапшасын дайындау, шпалдарға рельстерді бекітетін шыбықтарды шығару, арнайы құрал – табан көмегімен рельсті көтеру, ескі шпалды шпал қорабынан алып тастау, шпал қорапшасының түбін ескі шпалдың қалдықтары мен қалдықтарынан тазарту, жаңа шпалды орнына қою, табанмен рельсті көтеру, рельстердің астына төсемдерді орналастыру, рельстерді бекіту, шпал қорапшасын қиыршық таспен толтыру, жаңа шпал төсеу тәрізді күрделі тапсырмаларды орындады.
Тапсырманы орындау барысында бөлшектеу кезінде құрылымдардың тұтастығын сақтауға және рельстер мен төсемдерге зақым келтірмеуге аса қатты назар аударылды. Өте қызықты өткен сайыста І орынды Жалғас Төленбеков, Жазыбек Мұхамбетбаев, ІІ орынды Дәулетхан Қуанышбеков, Саябек Айтбаев, ІІІ орынды Ақжол Мұхамбетбаев, Қажет Қабдошов иеленді.
Жылына бір рет ұйымдастырылатын осы бір тамаша жарыстың маңыздылығы ерекше. Әр мамандық бойынша кіл мықтылар ортаға жиналып, өзара кәсіби шеберліктерімен додаға түседі. Яғни, үздіктердің үздіктері жарқырай көрінетін жарыстың ең басты талабы — қауіпсіздік.
Өндірісте қауіпсіздік сақтау мен жұмыскерге қолайлы жағдай жасау қашаннан жоғары тұрары айқын. Жұмысшы мамандықтарға осылай көңіл бөліп, өте қызықты жарыс ұйымдастырған басшыларға алғыс айтамыз.
Барлық қатысушыларды, жеңіс тұғырына көтерушілерді шын жүректен құттықтаймыз. Өз білімі мен біліктілігін дүйім жұртқа паш етуге қаймықпай шығудың өзі батылдықтың белгісі.
Олай болса, өндірісіміз батыл да батыр, білімді де білікті мамандарға толы болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Келіп жеткен кәсіби мерекеміз – Металлургтер күні құтты болсын!
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.