Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі

10 қараша күні Сары Тоқа көшесіндегі 6-шы үйде өрт шығып, тұрғындар зардап шекті. Оқиға орнына барған жергілікті билік өкілдері мен төтенше жағдай бөлімінің мамандары тілсіз жаудың салдарын саралады. Белгілі болғандай, үйдің бір бөлігі зақымдалған. Ең бастысы – тұрғындар аман.

Қалалық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ербол Өтесіновтың айтуынша, өрт 10 қараша күні сағат 11.31-де орын алған. Осы уақытта № 3 қалалық өрт сөндіру бөліміне қала тұрғыны А.Рахым қоңырау соғып, Сары Тоқа көшесіндегі 6-шы үйде өрт шығып жатқанын айтып, дабыл қаққан. Арада он минут өткенде аталмыш өрт сөндіру бекетінің 4 өрт сөндірушісі бар 1 бірлік техникасы келіп жеткен. Мәлім болғандай, аталмыш үйдің 64 шаршы метр болатын № 8 пәтері мен 186 шаршы метрді құрайтын шатырының өртеніп жатқаны анықталды. Өрттің аумағын саралаған өрт сөндірушілер оны 3-рангті өрт деп бағалады. Жедел түрде қосымша көмек қажет болды. Сөйтіп, № 3 өрт сөндіру бөлімінен 7 өрт сөндірушілері бар 2 бірлік техника, Жаңаарқа ауданындағы № 6 өрт сөндіру бөлімінен 4 адамы бар 1 бірлік техника және «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» Қарағанды филиалының Қаражал әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің 4 өрт сөндірушісі бар бір техникасы көмекке келді. 13.05-те өрттің ошағы оқшауландырылып, 13.47-де өрт толық жойылды.
Алдын ала жасалынған сараптама бойынша өрт тоқтың қысқаша тұйықталуынан болды деп болжанған. Қазіргі уақытта өрттің себептерін анықтау бойынша облыстағы тиісті мамандар жұмыс істеуде.
Ал, жергілікті билік төтенше жағдайдан зардап шеккен жандарға жәрдем беруге кірісті. Дүйсенбі күні қала әкімі Айқын Елеусізовтың төрағалығымен жиын өтіп, өрттен зардап шеккен Сары Тоқа көшесі, 6-шы үйдің тұрғындарына көмек көрсету мәселесі талқыланды. Жиынға Қаражал қаласының мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары және тиісті мекеме басшылары қатысты.
Жиын барысында зардап шеккен отбасыларға тұрғын үй беру мәселесі сөз болды. Нәтижесінде үйдің 1 тұрғынына (зейнеткер) пәтер кілті берілді. Зардап шеккен өзге тұрғындар да жақын арада пәтерлі болады.
Орайы келгенде айта кетейік, оқиға орнына барған шаһар басшысы Айқын Елеусізов тұрғындардың жағдайымен танысып, олардың қажеттіліктерін тыңдады.