Әз-Наурыз құтты болсын, қазақ елі!

«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген халқымыз ежелден әрбір ісін батасыз бастамаған. Ұрпағына үлкеннен бата алуды, елдің тілегін, ықыласын алуды санасына сіңіріп отырған. Адал ниет пен шынайы тілек білдіру, сондай-ақ, қазақ халқының біте қайнасқан дәстүрдің көрінісі болып табылады. Батаны берілетін жағдайға қарай бірнеше түрге бөлген. Айта кетсек, асқа бата, жаңа келінге, тұсауы жаңа кесілген балаға, сапаршыларға, жаңа туған нәрестеге, Ораза айт батасы, Наурыз батасы. Осы баталардың ішінде Наурыз батасының орны ерекше. Бұл күні әдетте жасы үлкен кемеңгерлер кішіге бата береді. Жастар таң шапағын күтіп, сол кезеңде ауыл ақсақалдарының, ақылгөй басшылардың батасын алуға асыққан. Наурызда жастар ақсақалдардан, беделді кісіден «Наурыз-батасын беріңіз» деп бата сұрайды. Ақсақалдардың Наурыз батасы әдетте «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп елге де, жерге де беріліп жатады. Осы орайда аймағымыздың көпті көрген, ортасына сыйлы, аузы дуалы, батагөй ақсақалдардан бата сұраған едік.

Наурыз батасы

Дулат ДАЙЫР:
Әумин! — бата берейін,
Жақсылықты терейін.
Жаңа жылда жараңдар,
Үстем болсын мерейің!
Жақсылыққа бас болып,
Ауылымызда ас болып,
Келген Наурыз құт болсын!
Жүгінелік ақылға,
Араздыққа жол беріп,
Отырмайық тақырға.
Жермен бірге жаңарып,
Көңілде кір қалмасын!
Сырттағы жау жаланып,
Жағаға қол салмасын!
Есіктен кірген емініп,
Төр менікі демесін.
Еңістен келген тебініп,
Өр менікі демесін!
Наурызбенен жаңарсын,
Тәніміз бен жанымыз.
Жақсы негіз қалансын,
Жарасып ән-сәніміз!

Наурызға тілек

Жарқынбай ЖЕТІМЕК:
Армысың, әз Наурызым, талып жеткен,
Шеменімді жібітіп, шор боп кеткен.
Тәуелсіздік ақ таңым, сен атпасаң,
Бұл мейірді өтер ме ем еш сезбестен.

Аласармас арманы ең Қазағымның,
Сені аңсап аза бойды қаза қылдым.
Елім азып, дәстүрім тозған шақта,
Сені берген Тәңіріне тәубе қылдым.

Тәубе дедім, Тәңіріне тәубе қылдым,
Үстінде тұрған шақта қара қылдың.
Рахымыңды төктің де, алып шықтың,
Сарыжайлауға ішінен қара түннің.

Өзің келдің Азаттық, бәрі келді,
Қатал тағдыр қысының жазы келді.
Гүлге оранып, ерекше түрге оранып,
Айдын көлдің аққуы, қазы келді.
Сапырып Сарыарқасын Құрманғазы,
Қазағымның ән салар сазы келді.

Наурызым ұлы болсын,
Еліме ырыс қонсын.
Қамбамыз дәнге толып,
Тойымыз әнге толсын.
Ақ тілеулі елімнің,
Тілегі осы болсын!

Есенбай САҒЫНДЫҚОВ:
Наурызға бата берейік,
Жақсылығын көрейік.
Наурызың құтты болғыр-ай,
Қора-қобысың малға толғыр-ай.
Мал-бастарың аман боп,
Дұшпандарың табанда болғыр-ай!
Аллаһым жар болып,
Бәріңе денсаулықтарың мол болғыр-ай.
Қарсыбек ҚҰЙҚАБАЕВ:
Батам, батам батпасын,
Батам жерге жатпасын.
Бәрімізді бір Алла,
Жамандықтан сақтасын.
Үстем болсын мерейің,
Ақ батамды берейін.
Құтты болсын Әз-Наурыз,
Биікте болсын туымыз.
Ақ мол болсын,
Уайым жоқ болсын.
Еліміз аман болсын,
Патшамыз адал болсын.
Мединада Мұхаммед,
Түркістанда Қожа-Ахмет.
Е, Аллам, осы тілегімді қабыл ет!

Сәттібай ДҮКЕНБАЕВ:
Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақшақарындай.
Бастарыңа бақ қонсын,
Шаштарыңның барлық талындай.
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз.
Қайғы-уайым жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Ырысымыз көп болсын,
Бүгінгі наурыз-көжедей.
Сыбайлас жемқорлық тоқтайтын болсын,
Арамдық қолдау таппайтын болсын.
Балаларымыздың бағы жансын,
Қалаған білімін алсын.
Тілін, дінін, дәстүрін біліп,
Он саусағынан өнер тамсын.
Мәдениетіміз мәнді болсын,
Тұрмысымыз сәнді болсын.
Бәрін айт та, бірін айт,
Егемендігіміз мәңгі болсын.

Смаил ЕЛЕУСІЗОВ:
-Бұл өзі бір ерекше мереке ғой. Күн мен түн теңелген Наурыз мейрамы ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңі біздің бала кезімізден ерекше тойланатын. Аналарымыз қыстың соғымынан қалған бар дәмдіні осы күні шығарып, ауыл- аймақ бір-бірімен қауышып, қыстан аман шыққандарына шүкіршілік етіп, бір-бірлеріне қонаққа барып, жарасып жататын. Бірақ бұл мереке ол кездері қазіргідей кең көлемде тойланбайтын. Кейіннен еліміз Тәуелсіздік алғаннан бастап, бұл мереке нағыз мерекеге, әдемі мерекеге айналды. Орталық алаңдарға қатарласа тізілген киіз үйлерден бастап, құмай тазы ұстап, тұлпармен шапқылаған азаматтардың көрінсінің өзі адамның бойына керемет сезім ұялатады. Аллаға шүкір, қазір еліміз өркениетті елдердің қатарына ілікті. Өміріміз тыныш, тамағымыз тоқ, ұрпағымыз сауатты. Одан артық не керек.
Былтырғы Қоян жылы елге жайлы болғанмен, малға жайлы болмады. Әсіресе, жылқы малына өте қиын болды. Қатқақ мұздардан шөпке жете алмай, біраз мал шығын болды. Сол жағы шамалы қабаққа кірбің ұялатқаны болмаса, жалпы кентіміз күннен күнге көркейіп келеді. Жарайды, шығын шықпай, кіріс кірмес демекші, ең бастысы бас аман болсын. Ел тыныш, туған жер аман болып, арайлап атқан әрбір таң шат көңіл мен жақсылық сыйласын. Ақ мол, жыл ырысты болсын!

Әбдіманап СМАИЛОВ:
-Наурыз — бұл барлық мұсылман елдерінің жыл басы. Биыл Алла қаласа, Ұлу жылын қарсы аламыз. Ұлу суда жүретін болғандықтан, бұл жылы құрғақшылық болмайды. Бұрындары Ұлу жылы тыныштықпен, береке-молшылықпен өткен. Түркі жұрты, оның ішінде қазақтар да Ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Соған қарағанда бұл жыл халық үшін жайлы жылдар қатарынан орын алады деп үміттенеміз. Халқыма шын жүректен тек жақсы күндер тілей отырып, мына бір ақ батамды берейін.
Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурыз көже де,
Толтырып ішкей кезеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе азғана,
Шайылсын өкпе, наз — нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.
Әспеттеп ата дәстүрін,
Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер!
Дүрлеген Қазақстанға
Таңғалсын дос та, дұшпан да!

Сарай СИЛЯМХАН:
– Мен Отаныма, оның ішінде Жәйремге Моңғолиядан 1992 жылы оралдым. Жалпы бұл Наурыз мейрамы барлық мұсылман елдерінің мейрамы болғандықтан, Моңғолияда да өте керемет тойланатын. Киіз үйлер құрылып, наурыз көже таратылып, әннен шашу шашылып, табиғат-ана ерекше гүлденетін. Халық қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарысқа түсіп, ұлттық киімді насихаттап, апталап қазақтың ұлттық киімімен жүретін. Елге оралғаныма 32 жыл болыпты. Бұл жақта да Наурыз мейрамы керемет тойланады. Халықтың көңіл-күйі де сол күні ерекшелене түседі. Өзі басқа шараларды айтпағанда, бір наурыз көженің өзін біз асыға күтеміз. Келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленеді. Халық арасында “тілеу көже”, “көп көже” деп те атай беретін көжеге халықтық дәстүр бойынша бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар міндетті түрде қосылуы тиіс. Дәмі деген керемет болады ғой шіркін, және ырымдап ішкен соң, сол көжеден кейін бір жаңарып, бір тазарып қалатын тәріздісің. Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы құтты болсын. Баршаңыз адамдық игіліктердің ең құтты да қуанышты, ырысты да тынысты жақсылықтарымен қауышыңыздар!

Аманкелді ҚОЙШЫБАЕВ:
-Қазақ халқының ежелден келе жатқан мейрамы Наурыз — көктем мезгілінің жетіп, күн мен түннің теңеліп, табиғат-ананың оянатын уақытымен тұспа-тұс келеді. Бұл мейрам жаңару мейрамы. Қыраулы да ызғарлы қыстан аман-есен шығып, халық қыстай жамылған ауыр күпілері мен тондарын шешіп, ағаштар бүр жарып, күн шуағы нұрланған ғажайып бір кезең бұл Наурыз мейрамы.
Осы мейрам қарсаңында біз Жәйрем комбинатының зейнеткерлері басымыз қосылып, мәре-сәре болып жатырмыз. Жылдағы дәстүр бойынша «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ өзінің ардагерлеріне мерекелік сый-сияпаттарын таратуда. Міне, бүгін 350 ардагер кәсіподақ ұйымында бір-бірімізбен қауышып, тамаша болдық. Енді осы көңіл-күймен Ұлы күнді қарсы аламыз. Биылғы Қасиетті Ораза наурыз айында болып жатыр. Ауылымызда қасиетті айдың тамаша лебі еседі. Мешітімізде жергілікті жастар, ауыл азаматтары күнде-күнде халыққа ауызашар беріп, түрлі қайырымдылық шаралары жасалып, имандылықтың шынайы бір көрінісі берілуде.
Қандай мереке болса да, ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын, Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын!

Бетті әзірлеген
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ,
Теректі ШАҒАТАЙ.